Түркістан облысында суға кеткен екі шетелдік студенттің бірінің мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикалық жедел-құтқару жасағы Ақсу өзенінен Ханарық ауылына қарай 1,5 шақырым жерде адам мәйітін тапты. Қазіргі таңда сараптама жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек екінші студенттің де денесін іздестірілуде. Оған Республикалық жедел-құтқару жасағы мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 12 құтқарушысы мен 2 жүзу құралы жұмылдырылды.
Айта кетейік, биылғы жылы 26 маусымда Төле би ауданы, Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде Ақсу өзеніне екі шетелдік студент батып кеткен еді. 21 адамнан құралған топ – Шымкент қаласынан келген Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері. Барлығы Үндістан Республикасының азаматы. Қайғылы жағдайдан кейін суға кеткен екі жігіттің ата-аналары да Қазақстанға келіп, іздеу шараларына қатысқан болатын.