Түркістан облысында тағы екі мақта өңдеу зауыты ашылды

«Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан төрт зауыттың құрылысына жалпы 17,1 млрд теңге инвестиция салынған.

 Түркістан облысы әкімдігі 25 Қазан 2026, 07:12
25 Қазан 2026, 07:12
114
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының Отырар ауданында «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің екі жаңа мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Осылайша, кәсіпорынның төрт зауыты толық жұмыс істей бастады.

Өндіріс орындарының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Оның айтуынша, төрт зауыт жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан төрт зауыттың құрылысына жалпы 17,1 млрд теңге инвестиция салынған. Алғашқы екі зауыт 2025 жылы іске қосылса, қалған екеуі биыл пайдалануға берілді.

Кәсіпорындарда мақтаны тазалау, кептіру, талшығын тұқымынан ажырату және дайын өнімді қаптау үдерістері заманауи технологиялар арқылы жүзеге асырылады.

Жаңа өндіріс орындары өңірде мақтаны терең өңдеуді дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.

Наверх