Түркістан облысының прокуратурасы құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлерімен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобын құрды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс тобы «Телеграм» әлеуметтік желісінде талдау жұмыстарын жүргізіп, онда «Геркулес» атты синтетика тарататын чат-бот дүкенді анықтады.
Арнайы іс-шаралар нәтижесінде «кладмендер» ұсталып, 3 кг синтетикалық дайын өнім «мефедрон» тәркіленді.
Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодексінің 297-бабымен 2 қылмыстық іс басталып, күдіктілер 2 айға қамауға алынды.
Сондай-ақ, дилерлер синтетикалық есірткіні таратудың жаңа әдісін қолдана бастады.
Атап айтқанда, кладмендердің ұялы телефондарын тексеру барысында интернет дүкендерінің бірі арқылы 255 мың теңге тұратын 5 300 магнит тапсырыс берілгені анықталды.
Магниттер синтетикалық есірткі заттарын скотчқа орап, металл негіздеріне жабыстыру арқылы кеңінен қолданыла бастады.
Осылайша синтетикалық есірткінің 133 млн. теңге болатын 5 300 дозасының таратылуы тоқтатылды.
Бұдан бөлек, күдіктілердің мобильді құрылғыларында заңсыз ақша транзакциялары жүзеге асырылатын криптографиялық әмиян табылды.
Оған қатысты параллельді қаржылық тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта прокуратураның сүйемелдеуімен жұмыс тобының қызметі жалғасуда.