Түркістан облысында шағын авиацияны дамыту жолдары қаралды

Бүгiн, 01:25
131
Бөлісу:
Түркістан облысында шағын авиацияны дамыту жолдары қаралды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Соның ішінде шағын авиацияны дамыту мәселесі де назарға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл өңірге барыс-келісті жақсартып, туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы бастама аясында шағын авиация талаптарына сай жаңа әуе бағыттарын ашу және аэродромдар салу жобалары қарастырылуда. Аталған мәселе облыс әкімдігінде талқыланды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы саланы дамытып, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен бірге Түркістандағы халықаралық әуежайдың әлеуетін көтеруді тапсырды.

Түркістанның халықаралық әуежайының мүмкіндігі өте жоғары. Соны тиімді пайдалану керек. Бұл – бірінші кезекте көлік инфрақұрылымын дамытады. Екіншіден, туризм саласы өркендейді. Ізденіңіздер, шетел тәжірибелерін зерделеңіздер. Шағын авиацияны дамыту бойынша да нақты ұсыныстар күтемін. Жұмысты ширатыңыздар, - деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев авиация саласын жүйелеу бағытындағы жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Бүгінде бірнеше әуе компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ шағын авиацияны дамытуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Ішкі рейстерді қалыптастыру және туризмді дамыту мақсатында Түркістан облысында ішкі рейстерін ашу көзделген.

Сонымен бірге "Түркістан-Ташкент", "Түркістан-Самарқанд" бағыттарында халықаралық рейс ашу мәселесі де талқыланып жатыр. Қысқа қашықтықтарға жолаушылар тасымалдау үшін 19 орындық шағын ұшақтарын пайдалану жоспарлануда. Шағын авиацияның қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту мақсатында аймақта шағын аэродромдар салу қажет. Бұл жобалар әлі талқыланып, қаржыландыру көздері зерделеніп, тиісті келіссөздер жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы