Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркістан облысында нәресте өлімі 8,6%-ға төмендеді

7 Қаңтар 2026, 19:13
271
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

2025 жылы Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өңірде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,32 жасқа жеткен. Жалпы өлім-жітім деңгейі 2,5%-ға төмендеп, 3,9-ды құрады. Нәресте өлімі 8,6%-ға, балалар өлімі 7,7%-ға қысқарды. Ана өлімі көрсеткіші 32,4%-ға азайып, 4,8 деңгейінде тіркелді. Қатерлі ісіктерден, жүрек-қан тамырлары ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім республикалық жоспарлы көрсеткіштерге толық сәйкес келеді.

Облыста жоғары технологиялы медициналық көмек табысты дамып келеді: 15 ағза трансплантациясы жасалды, оның ішінде екі бауыр мен он үш бүйрек ауыстырылған. Сонымен қатар 60 күрделі жоғары технологиялы операция орындалды. Ана мен бала денсаулығын қорғау саласында АПВ-ға қарсы вакцинациялау деңгейі 86%-ға жетті. 16 медициналық ұйым базасында даму және ерте араласу орталықтары ашылды, балаларға арналған офтальмологиялық және сурдологиялық орталықтар жұмысын бастады. Ал шалғай елді мекендерден келген жүкті әйелдер үшін «Салауатты ана» пансионаттары қызмет көрсетуде.

Кадрлық әлеует те айтарлықтай нығайды: өңірде 45 медициналық ұйым жұмыс істейді, медицина қызметкерлерінің жалпы саны 24 405 адамды құрайды. Резидентураға 251 грант бөлінді, 31 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды, жас мамандарға әлеуметтік және тұрғын үй қолдауы көрсетілуде.

Инфрақұрылым бағытында 55 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны пайдалануға берілді, 36 медициналық объектінің құрылысы аяқталды, тағы төрт ірі денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 2 560 заманауи құрал-жабдықпен, оның ішінде МРТ, КТ, УДЗ, маммографтар мен бейнеэндоскопиялық қондырғылармен жабдықталды. 60 реанимобиль және екі неонаталдық жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Мектептерде 20 стоматологиялық қондырғы мен 348 дефибриллятор орнатылды.

2025 жылы іске асырылған шаралар Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының орнықты дамуын қамтамасыз етіп, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Өзгелердің жаңалығы