Түркістан облысында лимон өсірушілер қауымдастығы құрылмақ

13 Желтоқсан 2020, 22:00
1571
Бөлісу:
Түркістан облысында лимон өсірушілер қауымдастығы құрылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік өңірде цитрустық жеміс өсіретін бағбандар көп емес. Алайда соңғы жылдары экзотикалық өсімдікке тәжірибе жасаушылар саны артып келеді. 

Тропикалық жемісті күтіп-баптау оңай шаруа емес дейді шаруалар. Ерекше күтімдегі өсімдік қажырлы қайрат пен қаржыны талап етеді. Сондықтан жергілікті лимон өсірушілер қиындықпен бірігіп күресуге ниет танытып отыр, деп жазады Хабар24. 

Нұрсұлтан Жүсіпбаев соңғы 5 жылдан бері лимон өсірумен айналысады. Ол осы уақыт аралығында көп тер төгіп, тәуекелге барды. Еткен еңбек еш кетуі де мүмкін еді. Себебі сырын білмейтін жемісті жерсіңдіру оңай болған жоқ. Бірақ кәсіпкер алған бетінен қайтпай, тәжірибесін жетілдіре түсті. Нәтижесінде жылына 4 тонна жеміс жинайтын дәрежеге жетті. Қазір бір гектар лимон өсіретін жылыжайы бар. Сатып алушылар сапалы өнімнің бағасына қарап жатқан жоқ дейді.    

Шет мемлекеттен келіп жатқан цитрустық жеміс болғандықтан импорт болады. 1-2 процент болса да жапсақ, ол біздің Қазақстанның экономикасына серпін береді. Лимонды өсіру өте қиын. 1,5 жасар кезінде егесіз. Кішкентай нәрестеге қарағандай уақытысында жуындыру керек. Уақытысында дәрісін беру керек, темірін беру керек. Жылыжайда өсіруге болады екен. Біз көзіміз жетіп, бастадық, – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Жүнісбаев.

Осы сияқты төзімділік сыналатын жұмыс кестесі лимон ағашы жеміс бергенге дейін жалғасады. 2 жыл бойы күтіп-баптау үшін мол қаржы да керек. Шаруалар осы кезде басты қиындыққа тап болады.  

Сегіз жылда піседі. Ойлаңыз, 8 жылда қанша шығын кетеді. Бізде қыс болады. Қазір -8 -10 градус болып тұр. Оны ысытып, бір температураны ұстап тұруымыз керек. Шамалы суық болса, өлтіріп алуымыз мүмкін. Жылыжайды әр 4 жыл сайын пленкасын ауыстырып тұру керек. Сондай шығындары бар. Қазіргі таңда бізге мемлекет тарапынан көмек берілсе, біз әрі қарай дамытуға дайынбыз, – дейді кәсіпкер.

Қиындықпен бірігіп күрескенде ғана жеңіске жетеміз дейді фермерлер. Сондықтан олар өздерінің лимон қауымдастығын құруды жоспарлап отыр. Оның қоғамға да пайдасы тиеріне сенімді. 

Біз шаруаларды лимон, цитрус өнімдерін өсіруге үйрететін оқу орталығын ашқымыз келеді. «Еңбек» бағдарламасы негізінде қысқа мерзімді қайта даярлау деген бар. Соның негізінде осы жерде оқу орталығын ашып, тропикалық жемістерді өсіруді үйреткіміз келіп отыр, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәди Ибадуллаев. 

Кәсіпкерлер егер мемлекеттен қолдау болса, басқа да тропикалық өсімдіктерді өсіруге болатынын айтады. Соңғы жылдары түркістандық кәсіпкерлердің арасында цитрустық жемістерді өсіруге деген қызығушылық артып келеді. Мәселен, өткен жылы өңірдегі лимон өсіретін жылыжайлардың көлемі 2 гектар болса, биыл 3 гектарға жеткен.


Өзгелердің жаңалығы