Таңғы уақытта Түркістан облысы ТЖД-ның “101” бірыңғай байланыс пультіне Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер үйдің толықтай отқа оранғанын анықтады.
Өртті барлау және сөндіру кезінде құтқарушылар үйдің ішінен ес-түссіз жатқан үш адамды тауып, оларды жедел медициналық жәрдем қызметіне тапсырды. Сонымен қатар үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның мәйіті табылды, - делінген хабарламада.
Көршілердің айтуынша, оқиғадан бір күн бұрын үй иелері іс-шара өткізіп, қонақтар шақырған.
Өрт жалпы 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Қазіргі уақытта оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себебі анықталуда.