Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл республиканың біраз аймақтарында 25 шілде күні ауыл әкімдерін сайлау додасы өтеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен сәйкес келіп отырған саяси науқанға Түркістан жұртшылығы әлден-ақ қызу кірісіп кеткен сыңайлы.
Халық өз әкімін сайлауға моральдық тұрғыдан дайын әрі көптен осы өзгерісті күткендей, - деп атап өтті Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев.
Айта кетейік, ҚР «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 24 мамырдағы заңының талаптарына сай аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссиялары аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтер әкімінің тікелей сайлауын өткізу үшін өздерінің шешімдерімен сайлау округтерін құрды.
Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты осы жылдың 25 маусымына дейін күнтізбелік жоспар бекіткен болатынбыз. Бұл туралы ақпарат өңірлердегі барлық аудан, қала әкімдіктерінің сайтындағы «Сайлау» интернет парақшаларына салынды. Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 181 ауыл округі бар. Оның ішінде 60 ауыл округінің 242 сайлау учаскесінде тікелей сайлаулар бір күнде яғни 2021 жылдың 25 шілдесінде өтеді. 29 маусымға дейін 33 ауыл округінде елу үміткер өзін өзі ұсынды. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, заңға өзгерістер енгеннен кейін халық өз әкімін сайлауға белсене қатысады деген ойдамын. Бұл жергілікті тұрғындардың үнімен, таңдауымен санасудың нақты демократиялық қадамдары болмақ, - деді Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Кәденұлы.Өмірәлиевтің айтуынша, ауыл әкімінің сайлауына жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сонымен қатар, әкім болуға ұмтылған үміткерлердің бұрын сотты болмағандығы, мемлекеттік қызметте кемі бір жыл жұмыс істеген тәжірибесі болуы керек.
Еске сала кетсек, ауыл әкімі сайлауына ұсыну жұмыстары 26 маусымнан басталып, 9 шілде күні сағат кешкі 18:00-де бітеді. Одан кейін үміткерлерді тіркеу 14 шілде кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Оқи отырыңыз: