Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында ағашты заңсыз кескен тұрғындар ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан облысына қарасты аймақтарда арнайы жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде табиғатты қорғау тобының полиция инспекторлары тыйым салынған ағаштарды заңсыз кескен күдіктілерді ұстады.
Мәселен, Түлкібас ауданының полицейлері жергілікті екі тұрғынды заңсыз қара ағашын шауып, КамАЗ жүк көлігіне артып жатқан жерінен ұстады. Алдын ала тексеру барысында күдіктілердің шабуға тыйым салынған ағаштарды үйлеріне отын ретінде қолдану үшін жинағаны анықталды. Заңсыз, рұқсатсыз шабылған жыңғылдың жалпы көлемі екі текше метрден асады. Келтірілген шығын 80 мың теңге.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 340-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.