Түркістан облысында 60 полицей ат спортымен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көкпар, бәйге – білекті де жүректі, тақымы тастай берік жігіттердің ойыны. Осы тұста Түркістан облысы полицейлерінің арасында ат спортын жанына серік еткен, көкпар тартуға епті, қарымды жігіттер аз емес.
Облыста қауырт қызметтерінен қолдары қалт етсе, көкпар ойынына асығатын, ер жігіттің қанаты деп жылқыларын баптайтын 60-қа тарта тәртіп сақшысы бар.
Оның ішінде 10 қызметкер Ордабасы аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Мәселен көші-қон қызметі тобының инспекторы Мұқағали Ғалижанұлы 14 жасынан бастап әкесімен бірге сәйгүлік баптаумен айналысады. «Әсем торы», «Ахилес», «Қайнар көк», «Қарлығаш» атты тұлпарлары облыстық, республикалық үлкен көкпар додаларында топ жарып, бас жүлде алған.
Ал жедел уәкіл Әбен Арман көкпарға деген қызығушылығы әкесінен дарығанын айтады. Бос уақытында көкпар шауып, ат баптаумен айналысады. Осы уақытқа дейін түрлі облыстық және аудандық деңгейдегі көкпарлардың үздік салымшысы атанған.
Көші-қон полициясының аға инспекторы Нұрсұлтан Диханов кішкентайынан атқа құмар болып өскен. Отбасымен осы ұлттық ойын түрімен шұғылданады. Қазір бұл спорт түріне демалыс күндері ғана уақыт арнап жүр. Себебі полиция қызметкерінің жауапкершілігі зор. Екі рет көкпарда жеңіске жетіп, қанжығасына автокөлік байлап қайтқан кездері болған екен.
Бұл полиция қызметкерлері елдің нағыз патриоты, ұлттық ойынды насихаттаушы, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып жүрген шабандоздар. Ептілікке, шапшаңдыққа баулитын көкпар ойынының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандар.