Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 12 700 адамға «Covid-19» індетіне қарсы екпенің 1-компоненті егілді.
Бүгінде оның 6 173-і вакцинацияның екінші кезеңінен де өтіп үлгерген. Олардың қатарында медицина және полиция қызметкерлері мен мұғалімдер бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді. Ол өңірімізде соңғы тәулікте 8 адамнан коронавирус індеті анықталғанын айта келе, халықты індетке қарсы екпе салдыруға шақырды.
Облыс аумағында «Covid-19» індетінің тәуліктік өсімі 0,17 пайыз болып отыр. Жалпы пандемия басталғалы өңірде аталған инфекцияны жұқтырған 4 493 жағдай тіркелді. Осы тұста «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асатынын айтқым келеді. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Дей тұрғанмен, азаматтарға карантиндік талаптарды сақтағаннан бөлек, жұқпалы ауруға қарсы вакцина салдыруды ұсынар едім. Бұл әлемдік тәжірибе екенін баршаңыз білесіздер. Егер осы тәсілді ел болып қолдасақ, жаман ауруды жеңу де оңай болатыны сөзсіз, – деді Пашимов.
Сондай-ақ басқарма басшысы қазіргі таңда өңірде аурумен күресудің барлық шаралары қолға алынғанын айтты. Жалпы аймақта 23 429 медицина қызметкері болса, оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Вакцина сақтайтын қоймаға көлемі 601 литр болатын 2 мұздатқыш бар. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литрлік 20 мұздатқыш алынған. Вакцинация жүргізуге арналған 65 пункт толық тоңазытқышпен жабдықталған. Бұдан бөлек вакцинаны тасымалдайтын көлемі 50 литрлік 38 термоконтейнермен толық қамтамасыз етілген.
Өз кезегінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов облыс аумағында карантин режимінің талаптарын сақтамай той жиындар мен түрлі шараларды өткізу тоқтамай отырғанын жеткізді. Жыл басынан бері арнайы мобильді топтардың мониторинг жұмыстары кезінде облыста карантин талаптарына бағынбай жұмыс істеген мекемелерге 1 583 хаттама толтырылған. Нәтижесінде 89 158 105 теңге айыппұл салынған.