Сәуір айының 19-21 аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» көрме кешенінде KITF «Туризм және саяхат» XXI Қазақстандық халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде отандық және шетелдік туристік бизнес өкілдері өздерінің туристік өнімдерін ұсынады. Көрмеге елімізден бөлек 18 елден келген компаниялар қатысады. Халықаралық көрме 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы орайда Түркістан облысы да көрмеге қатысып, өз туристік әлеуетін таныстырады.
Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм. Сондықтан мұнда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру - бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде Мемлекет басшысы Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру ұсынысынына байланысты жұмыстар қызу жүріп жатыр. Алматыда өтетін биылғы көрмеде өңірдің туристік әлеуеті әлемнің 18 еліне таныстырылатын болады. Көрмеге Түркістан облысынан 10-нан астам компания, қонақүй, экотуризм бойынша заманауи демалыс орындары, IT компаниялары мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті қатысады, - дейді «Open Turkistan» ЖШС туризм ілгерілету бөлімінің басшысы Ерасыл Төлебаев.
Көрме аясында мемлекеттер арасында түрлі келісімдер мен меморондумдарға қол қойылады. Сонымен қатар Қазақстан және Орта Азияның туристік индустрия нарығына арналған көрменің тиімділігін көрсететін республикалық жиналыстар, пленарлық отырыстар, роуд-шоу, семинарлар, презентациялар және басқа да салалық жиындар өтеді.
Айта кету керек, өткізілетін көрме туризм бойынша Орта Азиядағы ең ірі кәсіби алаң. Көрме индустриясының сарапшылар тарапынан KITF көрмесіне, B2B алаңының халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін UFI (Дүниежүзілік көрме индустриясының қауымдастығы) сапа таңбасы берілген.