Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің көшін Сарыағаш ауданы жалғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Этноауыл аумағында «Асыл мұра» атты қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылған. Рухани-мәдени шара аясында ұлттық салт-дәстүр мен ғұрыптардан, атап айтқанда әлпештеу жырлары, дуалы ауыздан бата алу, танабау тағу, естелік үлестіру, қызды оң босағаға отырғызу секілді көріністер көрсетілді. Ал сахнада ойын-сауық түрлері де келушілерді бейжай қалдырмады.
Сонымен қатар терме, халық әндері мен дәстүрлі әндер орындалды. Мұнда ұлттық спорт ойындары да шет қалмады. Асық ату, ләңгі тебу, жаяу тартыс пен хан алшыдан сайыстар өткізіліп, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды.
Өнер фестивалі аясында 11 маусым сағат 20:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Өнерлі өлке» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт мәдениет күндерін қорытындылайтын болады.
Концертте Сарыағаш ауданынан шыққан өнер жұлдыздары Мәдениет қайраткері Медеу Арынбаев, белгілі кино және театр актері Мейірғат Амангелдин, «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі, Сапаховтар отбасылық ансамблі және ауданның көркем өнерпаздары өнер көрсетеді.