Түркістан облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашев аса ірі көлемде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот материалдарына сәйкес, Жұмашев 2016-2023 жылдар аралығында жекеменшік білім беру ұйымының иесінен 124 миллион теңгеден астам қаражатты «қамқорлық көрсетемін» деген желеумен алған. Кейін ол бұл қаржыға Шымкент қаласында жеке мектеп салып, ашқан.
2021 жылы іске Жұмашевтың тапсырмасы бойынша оның серіктесі Нұрсұлтан Тілешов те тартылған. Ол кәсіпкерден қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға көмектесемін деп, тағы 10 миллион теңге алған.
Сот Жұмашевті кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілей отырып, 7,5 жылға соттады және оны өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды. Жеңілдететін жағдай ретінде оның жас балалары ескерілгенімен, ауырлататын жағдай – мемлекеттік антты бұзу ретінде танылды.
Тілешов 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты бұл мерзім 2 жыл 8 айға қысқартылды.
Сот Жұмашевтен 67,4 миллион теңге көлемінде шығын өндіріп, қылмыстық жолмен салынған мектеп пен жер телімін мемлекет меншігіне тәркіледі.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.