Түркістан облысы дәстүрлі түрде Қазақстандағы басты мақта өндіруші өңір саналады. Алайда соңғы жылдары бұл салада қарама-қайшы үдерістер байқалып отыр: бір жағынан егіс көлемі артып, жаңа технологиялар енгізілсе, екінші жағынан су тапшылығы мен әлемдік нарықтағы баға құлдырауы фермерлерді тығырыққа тіреуде. Мемлекет қолдау шараларын күшейтіп, шетелдік инвесторларды тартуға күш салуда. Дегенмен мамандар да, диқандар да мақта шаруашылығының болашағы оңай болмайтынын жасырмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фермерлер мақтадан бас тартып жатыр
Өңірдегі жағдайды толық түсіну үшін біз бұған дейін мақта шаруашылығымен ұзақ жылдар айналысқан диқандардың тәжірибесіне үңілген едік. Соның бір мысалы – 32 жыл бойы үздіксіз мақта өсірген тәжірибелі диқанның биыл дәстүрлі дақылынан бас тартуы. Оның басты себебі су тапшылығы.
32 жыл бойы мақта ектім. Биыл бас тартуыма тура келді. Себебі – су тапшылығы. Жыл өткен сайын ол негізгі қиындыққа айналып отыр. Сондықтан өзгеріс жасауға мәжбүр болдым, – дейді “Темур” шаруа қожалығының жетекшісі Раджап Кариев.
Бұл жеке шаруашылықтың ғана емес, тұтас өңірдің күрделі жағдайын көрсететін мысал. Соңғы жылдары дәл осындай себеппен мақтадан бас тартып, өзге дақылдарға ауысқан фермерлер қатары көбейген. Өйткені мақтаны күтіп-баптауға кететін шығын көп жағдайда өзін-өзі ақтамайтын көрінеді.

Өңірде егіс көлемі өзгерді
Осындай жекелеген шешімдерге қарамастан, биыл Түркістан облысында мақта егісінің көлемі айтарлықтай ұлғайған. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Ақтөре Түймебек мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы жылы мақта алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы көлемі 144,5 мың гектарға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе жоғары көрсеткіш. Жоспар бойынша өңір диқандары биыл 470 мың тонна шитті мақта жинауды межелеп отыр.
Өнімділікті арттыруда жаңа шетелдік технологиялар енгізілуде. Мәселен, өткен жылы дәстүрлі әдіспен егілген мақта көлемі 105,2 мың гектар болса, озық технология қолданылған жер небәрі 1,2 мың гектарды ғана құрады. Биыл дәстүрлі әдіс 94,5 мың гектарға қысқарып, жаңа технологиямен 50 мың гектар жерге мақта егілді. Мұндай тәсіл суды екі есеге дейін үнемдеп, энергия мен еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде гектарынан 60 центнерге дейін өнім алуға болады. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есе жоғары, – дейді басқарма өкілі.

Мақта шаруашылығының тағы бір қыры – шығын мен қолдау саясаты. Ресми есепке сүйенсек, бір гектарға мақта егудің орташа шығыны 330,5 мың теңгені құрайды. Әдетте әр гектардан 2,5 тонна өнім жиналса, бір тонна мақтаның өзіндік құны 132,2 мың теңгеден айналады. Бұл диқандар үшін айтарлықтай ауыр салмақ екені анық. Дегенмен, мемлекет тарапынан белгілі бір қолдау бар. Әр гектарға шамамен 74,1 мың теңге субсидия бөлінеді екен.
Мәселен, былтырдың өзінде облыстағы мақташыларға төрт түрлі бюджеттік бағдарлама аясында 9 685 агроқұрылымға 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл өңірдің өсімдік шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 61 пайызын құрайды, – дейді басқарма өкілі.
Судың азаю себебі…
Түркістан облысында мақта өсіретін негізгі үш аудан – Мақтаарал, Жетісай және Шардара. Олар егін шаруашылығын жүргізуде суармалы судың тұрақты әрі жеткілікті болуына тікелей тәуелді. Мақтаарал мен Жетісайдың басты тіршілігі – мемлекетаралық Достық каналы. Ол Сырдариядан бастау алып, Өзбекстан аумағы арқылы өтіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі мыңдаған гектар жерді сумен қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда осы екі аудан бойынша жалпы 139,9 мың гектар егістік дәл осы каналға тәуелді. Ал Шардараның негізгі су көзі – Шардара су қоймасы. Бұл қоймадан бастау алатын Қызылқұм магистральді каналы арқылы 61,8 мың гектар жерге су жеткізіледі. Осыған байланысты, Түркістан облысының бас сушысы Қазыбек Бедебаев судың азаю салдарын түсіндірді.
Үш ауданда су көлемі жыл сайын ауа райына, Сырдариядағы ағын деңгейіне, мемлекетаралық бөлу кестесіне және маусымдық тұтынуға байланысты өзгеріп отырады. Соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен трансшекаралық ағынның тұрақсыздығына байланысты су тапшылығы жиі байқалады. Осыған орай шаруаларға су беру кестелері өзгертіліп, кезекпен немесе түнгі суару ұйымдастырылды, – дейді ол.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы суару маусымында Мақтаарал, Жетісай және Шардарада барлығы 98 174 гектар жерге мақта егілген. Әдетте бір гектарға 5100 текше метр су қажет. Алайда биыл жауын-шашын аз түсіп, күннің қатты ысығанынан суға сұраныс бір мезгілде артқан. Соның салдарынан алқаптардың басым бөлігі бар болғаны бір рет суғарылған.
.jpeg)
Мұндай жағдайда су кезекпен беріліп, түнгі суару тәсілі қолданылған екен. Осы тұста, Қазыбек Бедебаев облыстағы су тапшылығының негізгі себебі табиғи факторлардан екенін айтты.
Биыл облыс аумағында және трансшекаралық өзендердің бастау көздерінде қар мөлшері орташа деңгейден аз түсті. Соның салдарынан еріген қар суы жеткіліксіз болып, өзендер мен су қоймалары толыққанды толмады. Бұған қоса, жауын-шашын көлемі де климаттық нормадан төмен болды. Нәтижесінде табиғи ағын азайып, егіншілікке елеулі әсер етті – дейді ол.
Оның айтуынша, жаһандық жылыну салдарынан Тянь-Шань мен Памир мұздықтары қарқынды еріп, көлемі күрт қысқарған. Нәтижесінде өзендердегі су тасқыны бұрынғыдай мол әрі ұзаққа созылмай, ертерек басталып, ерте тоқтап жатыр. Жауын-шашын азайып, булану артқан сайын Сырдарияның суы азайып, Түркістанға жеткізілетін ағын көлемі төмендеген екен.
Судың азаюына ықпал ететін тағы бір фактор – трансшекаралық қатынастардың күрделілігі. Қырғызстан мен Тәжікстан суды негізінен электр қуатын өндіру үшін пайдаланып, қыста көп жібереді. Ал Қазақстан мен Өзбекстан үшін су жазда аса қажет. Мұндай сәйкессіздіктің салдарынан Түркістан облысы жаз айларында жиі тапшылыққа тап болады, – дейді ол.
Үкімет пен жергілікті билік суды үнемдеудің заманауи технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді цифрландыру, тамшылатып суару әдісін кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Алайда бұл бастамалардың толық нәтижесін көру үшін уақыт қажет. Оны сала мамандары да мойындап отыр. Сондықтан алдағы жылдары да Түркістан облысындағы мақта шаруашылығы үшін су тапшылығы өзекті мәселе болып қала бермек.
Осы қиындықтарға қарамастан, Түркістан даласы ғасырлар бойы “ақ алтынның” отаны болып келеді. Диқандардың маңдай терімен өсірілген әрбір тал мақта – тек бір дақыл ғана емес, өңірдің тарихы мен тағдырын айқындап тұрған кәсіп. Кезінде таптырмас, мол табысқа айналған мақта шаруашылығы бүгінде үміт пен күмәнді қатар арқалаған салаға айналғандай.