Түркі халықтарының жалпы жазуын зерделеу, насихаттау және түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру бойынша Жол картасының жобасы әзірленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.
Жоба аясында қолжазба мұраларының тізімін жасау, құнды даналарды қолжазбалар мен сирек кітаптарды көне түркі, шағатай, араб (қадым, жәдит, төте) тілдерінен мемлекеттік тілге цифрландыру және аудару жұмыстарын атқару көзделген. Жол картасы мемлекеттік органдардың қаржыландыру мәселелерін пысықтаумен келісу сатысында.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі іске қосылғанын хабарлады. «Е-Архив» АЖ-де есепке алу жөніндегі дерекқорлардың болуын, сондай-ақ зерттеушілердің құжаттармен жұмыс істеуге қолжетімділігін қамтамасыз ететін қойындылары бар «Қолжазбалар», «Сирек кітаптар» бөлімдері болады.