Түркі елдерінің анимация бірлестігін құру ұсынылды

31 Қазан 2021, 14:18
7100
Бөлісу:
Түркі елдерінің анимация бірлестігін құру ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда өткен Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінде Түркітілдес елдердің анимация өнерінің бүгінгі ахуалы мен келешек бағдары талқыланды.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Фестивальдің екінші күні ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қазақ мультипликациясының өкілдері мен бауырлас түркі елдердің белгілі режиссер-аниматорлары қатысты. Олардың қатарында Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, Balapan телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, комикс және қозғалыс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара (Түркия), режиссер-мультипликатор Тұрдыбек Майдан, Қазақ ұлттық өнер университетің оқытушысы Ләззат Біләлқызы, режиссер-аниматор Азизбек Мухамедов (Өзбекстан) және отандық киностудиялардың жетекшілері бар.

Сондай-ақ анимацияға арналған басқосуға Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов те қатысып, пікір білдірді.

Көтерілген мәселеге қатысты қатысушылардың ойы бір жерден шықты. Олар келешекте түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек деген мәселеге бірауыздан тоқтады.

Түркітілдес елдердің арасындағы анимация фильмдер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә бұл ұсынысты орынды деп есептейтінін мәлімдеді.

Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек, - деді А. Әбілдә.

Түркиядан арнайы келген анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді.

Түркияда 85 млн-ға жуық халық бар десек, оның 20 млн-ы – біздің негізгі аудитория, яғни, балалар. Біз кеше фестивальде қазақ көрерменіне ұсынған «Istanbul Muhafizlary» фильмін Түркияда 10 млн бала тамашалап, жоғары рейтингке қол жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, ол сондай-ақ бізді алға жетелеп, ынталандырып отырады. Ал түркітілдес елдердің аудиториясы бұдан да үлкен, шамамен 200 млн-нан астам адам. Анимация қымбат жанр, көп қаржыны қажет етеді. Ал осы түркі елдер аудиториясы біз үшін үлкен нарық болмақ. Түркі елдеріне ортақ бірлестік құруды біз де қолдаймыз, - деді түрік анимация продюсері.

Бұдан бөлек, сарапшылар анимацияға қатысты қаржы тарту, құқықтық реттеу, аудиторияның талғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, техникалық жабдықтау секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді атап өтті.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов анимация мамандарының ұсыныстарымен танысып, өз деңгейінде көтеруге ниет білдірді.

Өзбекстаннан келген Азизбек Мухамедов аниматор-мультипликаторлар мен мемлекет өкілдерінің бір үстел басында кездесіп, пікір алмасып, еркін диалог құрғанына дән риза екенін жасырмады. Ол жұмыс дәл осылай бірлесе жүргенде тұшымды дүние туатынына сенімді.

Дөңгелек үстел қатысушылары түркітілдес елдердің анимациядағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, ортақ міндеттерді жүзеге асыруға қадам жасауға уағдаласып тарқасты.

 


Өзгелердің жаңалығы