Алқалы жиын түркі әлемінен шыққан тұңғыш әйел адвокат Сүрейя Ағаоғлының туғанына 120 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 1 желтоқсанда Астана қаласында Түркі Академиясы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп «Түркі әлемінің тұңғыш әйел адвокаты – Сүрейя Ағаоғлы» атты халықаралық семинар өткізді.
Басқосуға Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ләззат Нұрқатова, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің білім жөніндегі кеңесшісі Омер Инан, «Ахмедбек Ағаоғлы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нигяр Ахундова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов, Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, Құқық жоғары мектебі деканының кеңесшісі Toқжан Садықов сөз сөйлейді.
Алқалы жиын барысында қатысушылар саналы ғұмырын әйелдердің заңды құқығын қорғауға арнаған Сүрейя Ағаоғлының өмірі мен еңбегін жан-жақты баяндап, сондай-ақ жаңашылдық идеясына қызмет еткен зиялы түркі әйелдері туралы орамды ойларымен бөлісті.
Әзербайжаннан арнайы келген «Ахмедбек Ағаоғлы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нигяр Ахундова өз баяндамасында Сурея Агаоғлының түркі әлемі тарихында алатын орны жөнінде сөз қозғап, жоғары кәсібилік пен табандылықтың, мызғымас ерік-жігер мен адалдықтың үлгісі болып, әрқашан бауырлас Әзербайжан мен Түркияның тығыз байланыстарын нығайтуға атсалысқанын атап өтті.
Сонымен қатар, жиын аясында қатысушылар назарына Сүрейя Ағаоғлының өмірбаяны мен еңбек жолы туралы арнайы дайындалған деректі фильм ұсынылды.
Айта кету керек, Сүрейя Ағаоғлы тегі әзербайжандық түрік жазушысы әрі адвокаты. Түркия тарихындағы және жалпы түркі әлемінен шыққан тұңғыш әйел заңгер.
Ол 1903 жылы Әзербайжанның Шуша қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, философ, ғалым Ахмедбек Ағаоғлының отбасында дүниеге келген.
1910 жылы кішкентай Сүрейя отбасымен бірге Түркияға қоныс аударып, тұлға ретінде қалыптастып, саналы ғұмырын заң саласына, әйелдер құқығы мен бостандығын қорғауға арнады.