Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

22 Қараша 2025, 12:12
474
Бөлісу:
 Дәурен Мақсұтханұлы
Фото: Дәурен Мақсұтханұлы

Алматыда екі күнге жалғасқан "Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер" атты VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумға арнайы келген Қырғыз Республикасы Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев өз сөзінде түркі елдерінің ақпараттық интеграциясы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір өнер, мәдениет, кино және басқа салалар бойынша байланыс жақсы жолға қойылғанымен, медиа саласындағы бірлескен жобалар жеткілікті деңгейде дамымаған.

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

Қазіргі медиа кеңістік өте жылдам өзгеріп жатыр. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, алгоритмдер мен әлеуметтік желілер қоғамның ойлау жүйесін қалыптастырып, ақпарат қабылдау мәдениетіне тікелей ықпал етуде. Осындай кезеңде ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, мәдени код пен рухани құндылықтарды қорғау аса маңызды. Әйтпесе жаһандық ақпарат толқынында өзімізді жоғалтып алу қаупі бар, - деді қырғыз елінен келген өкіл.

Ол бұқаралық ақпарат құралдарының миссиясы тек ақпарат тарату емес екенін, олардың идеологиялық тұрақтылықты, ұлттық бірегейлік пен рухани тұтастықты сақтауда үлкен рөл атқаратынын баса айтты. Спикердің айтуынша, түркі халықтарын біріктіретін ортақ құндылықтар бар, ал сол құндылықтарды заман талабына сай насихаттау – ортақ міндет.

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

Илязбек Балташев түркі мемлекеттерінде қуатты медиа платформалар мен ақпарат агенттіктері болғанымен, олар бір-бірінің өнімдерін толық пайдалана алмай отырғанын сынға алды. Оның пікірінше, бұл ортақ стандарттың, бірыңғай технологиялық жүйенің және келісілген контент саясатының жоқтығынан.

Егер біз түркі елдерінің ақпараттық кеңістігін біріктіретін ортақ жаңалық агрегаторын жасап, оны жасанды интеллектке негіздесек, бұл стратегиялық серпіліс болар еді. Түркі мемлекеттерінің ақпарат агенттіктерінен жаңалықтарды бір жерге жинап, бірнеше минут ішінде бүкіл өңірге тарата алатын цифрлық платформа құрылса, журналистика да, ақпараттық саясат та жаңаша деңгейге көтеріледі, - деді ол.

Спикер форумның басты миссияларының бірі – осы бағыттағы мәселелерді ашық талқылау екенін атап өтті. Түркі әлемінің ортақ ақпараттық жүйесін құру, контент алмасуды күшейту, цифрлық журналистиканы дамыту алдағы жылдарға арналған маңызды стратегиялық мақсаттардың қатарында тұр.

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

Форум қатысушыларының айтуынша, мұндай бастамалар түркі елдерінің ақпараттық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, рухани тамырды, мәдени бірегейлікті сақтауға ерекше үлес қосады. Іс-шара екі күн бойы жалғасып, қатысушылар тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Форумда Ыстанбұл қаласынан келген “Еуразия ынтымақтастығы қорының” басшысы Ахмет Түзүн “Мәдени мұралар арқылы түркінің ұлттық құндылықтарын насихаттау” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Оның айтуынша, қайта бас қосып, бірлік аясында жүздесу - түркі дүниесінің дамуына серпін беретін қуанышты жағдай. Спикер өз сөзінде бұл кездесуді ұйымдастырғаны үшін Нәзия ханымға алғысын білдіре отырып, мәдени мұраның мәні мен маңызына тоқталды. Ахмет Түзүннің айтуынша, мәдени мұра халықтардың болашағын айқындайтын, бағыт беретін, олардың даму жолын анықтайтын баға жетпес қазына болып отыр. “Бір елге немесе жаңа өңірге барғанда ең алдымен оның жағдайын, тарихи қалыптасуын, өткені мен мәдениетін зерттейміз. Сол сияқты мәдени мұра да халықтың өткенін танып, болашағын дұрыс саралауға мүмкіндік береді. Ал түркі халқы әлемдегі ең бай әрі ең көне мәдениеттердің біріне ие. Кең байтақ географияда таралған тамыры терең, тарихы бай өркениетке айналған, - деді ол.

PR экономикалық ынтымақтастықтың жаңа қозғаушы күші екенін айтты.

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

Форумда Түркияның TUSDER басқарма мүшесі Бихтер Айиылдыз “PR экономикалық ынтымақтастықтың драйвері: бизнеске арналған мүмкіндіктер” атты тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, мемлекеттер мен компаниялар арасындағы тиімді коммуникацияның қазіргі замандағы шешуші рөліне тоқталды. Оның айтуынша, форумға қатысу үлкен құрмет, ал өз елін халықаралық алаңда таныстыру кез келген маман үшін зор жауапкершілік.

Спикер алдымен өзінің кәсіби жолын таныстырып өтті. Францияда өнер тарихы бойынша білім алған ол елге оралған соң бұл салада емес, люкс индустриясы мен коммуникация бағытында жұмыс істей бастаған. 15 жыл бойы әлемнің ең танымал брендтері Tiffani, Omega секілді компаниялардың Түркиядағы PR және коммуникация стратегияларын жүргізген. Соңғы 5 жарым жылда өз агенттігінің негізін қалап, люкс брендтерге кеңес беру, тұрақты даму стратегияларын әзірлеу және өзі басқаратын FluMek медиа платформасында контент өндірісімен айналысып келеді.

Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет

Бихтер Айиылдыз өз баяндамасын мәдениетіміздегі PR ұғымының тамырын тарихи тұрғыдан көрсету арқылы бастаған. Оның айтуынша, Осман империясында абыройлы жаңалықтарды жариялау дәстүрі алғаш рет ресми органдар арқылы емес, сарай қызметкерлерінің халыққа жария түрде жеткізуімен басталған. Алайда бұл жүйе уақыт өте дамып, баспасөзге өту кезеңіне жол ашқан. Спикер атап өткендей, Босфор жағалауындағы әйгілі тарихи нысан Бүйік Меджидие мешіті (Ортакөй мешіті) салынған дәуірде алғаш рет сарай хабарлары газеттер арқылы жариялана бастаған. 

Public relations ұғымының алғашқы нақты қадамдарын дәл осы Абдүлмеджид сұлтанның дәуірімен байланыстыра аламыз, - деді ол.

Баяндамашы кейінірек қоғаммен байланыс, мемлекеттік коммуникация және халықаралық имиджді қалыптастырудың жаңа кезеңіне тоқталды. Оның айтуынша, Танзимат реформалары мемлекет құрылымында бюрократияның қалыптасуына, ал бұл өз кезегінде қоғамдық коммуникацияның жаңа форматын жасауға мүмкіндік берді. PR-дың негізгі элементі қоғам және онымен байланыс орнататын институционалдық жүйе екенін ескерсек, бұл тарихи кезеңнің рөлі өте зор.

Өзгелердің жаңалығы