Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен қаладағы мәдениет пен спорт саласын бірге қолдау мақсатында екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы elorda.info хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік-басқару орталығы ғана емес, туристер үшін де тарихи-мәдени құндылықтарға толы аймақ болуы керек», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту қажеттігін ескеріп, қала басшысымен төмендегідей келісімдер жасалды.Атап айтқанда, 2020 жылы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында орналасатын нысандар, оның ішінде сапар орталығы мен археологиялық парктің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспары жасалатын болады.
Нысанға инженерлік желілерін тарту, Үркер шағын ауданынан Бозоқ қорығына дейін баратын жолды жөндеу қолға алынады.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық - Орталық Азияда баламасы жоқ туризм саласының мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны алдағы уақытта пайдалануға беріледі.
Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық меншігіндегі Туризм колледжі республикалық мәртебеге ие болып, Туризм және меймандостық университетімен бірігіп, мамандар даярлайды. Жастар жылы аясындағы министрдің ұсынысын қала әкімі Алтай Көлгінов те қуана қолдады.