Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдік туристер жиі баратын орындарға замануи модульдер түріндегі туристік полиция стационарлық пункттері орнатылған, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі.
Аталған бөлімше сәуір айынан бастап жұмыс істейді және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының астанасында болуы кезеңінде олардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы уақытқа дейін азаматтардан бес мыңға жуық өтініш түскен.
Мысалға, туристік полиция модульдерінің бірі қала және республика тұрғындарының ғана емес, сондай-ақ шетелдік қонақтардың да сүйікті орнына айналған елорданың негізгі көрнекі орындарының бірі "Бәйтерек" монументінің жанында жұмыс істейді. Туристік полицияның басты міндеті – туристер мен еліміздің қонақтарына олардың қызығушылығын тудырған сұрақтар бойынша ақпарат пен кеңес беру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Туристік полиция қызметкерлері шет тілдерін біледі және шетелдік қонақтарға көмек көрсетуге дайын. Оларға тек шетелдік қонақтар ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен елордада жүрген кез келген өңірлерден келген қонақтар да жүгіне алады.
Туристік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Еркебұлан Жұмабаев ағылшын тілін жетік біледі. Оған шетелдіктер навигация мәселесі бойынша жиі жүгінеді. Туристерді көбінесе бір пункттен екінші пунктке қалай жетуге болады, қайда аялдап тоқтауға болады, қаланың көрнекті жерлері, "Көші-қон полиция қызметіне қалай жетуге болады" деген сияқты сұрақтар қызықтырады. Мысал ретінде, туристік полиция қызметкері Еркебұлан демалыс күні ауруханадан қажетті медициналық көмек ала алмаған Германия азаматының туристік полицияға қалай жүгінгенін және оның тілді білмеуі салдарынан тілдік кедергілердің болғаны жөніндегі жағдайды айтып берді. Еркебұлан ол шетел азаматын ауруханаға дейін алып барған, сол жерде оған қажетті медициналық көмек көрсетілген, - делінген ведомство хабарламасында.
Аталған бөліністің полицейлері туристерге көмек көрсетумен қатар құқық бұзушылықтың алдын алуды жүзеге асыратынын, ақпараттық қызмет ұсынатынын және туристік нысандардағы мәселелерді шешуге көмек көрсететінін атап өткен жөн.
Туристік полиция модульдерінің саны келешекте тек көбейе беретін болады. Шетелдік қонақтар баратын ең сүйікті орындарға басымдық берілетін болады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауының арқасында туристік полиция модульдері мен жеке құрам барлық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта Тәуелсіздік көшесінің бойында ("Бейбітшілік және келісім сарайы"), "Бәйтерек" монументінің жанында, "ЭКСПО" аумағында және "Ханшатыр" ауданында туристік полиция пункттерінің тәуліктік режимде жұмыс істеуі ұйымдастырылған және жұмысын жалғастыруда.