Ертіс өңірінде биылғы жылы туристердің негізгі легі Баянауыл ауданы мен Шарбақты ауданындағы Маралды көліне келеді деп күтілуде. Десе де, қызмет көрсету сапасы мен жолдардың жағдайы тынығушыларға ыңғайсыздық тудырып жатады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабұловтың айтуынша, өңірде туризмді дамыту жоспары қайта қаралып жатыр. Оның аясында жолдарды жөндеуге басымдық беріледі.
Инфрақұрылымдық құрылысы – күн тәртібінен түспеген мәселе. Облыста басым аумақтарға жататын Топ-20 тізіміндегі жерлерде туризмді дамыту мақсатында 9 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. 2027 жылға дейінгі туризм бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы құны 16 млрд теңгенің инвестициялық жобалары қайта қарастырылатын болды, - дейді Дәуір Ерғабұлов.
Үш жылдық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 57 шақырым жол жөнделеді.
Баянауыл ауданында негізгі туристік нысандарға апаратын жолдың 35 шақырымы ретке келтіріледі. Нақтырақ айтқанда, «Торайғыр-Жасыбай» жолы күрделі жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар Біржанкөл ауылымен байланыстыратын 16 шақырымдық тас жол да жөнделеді. Ал Жасыбай көліне апаратын жолдың орташа жөндеуі келер жылы жүргізілмек.
Баянауылда қысқы туризмді дамыту жағы да күт тәртібінен түспеген мәселе. Айтап айтқанда, Мырзашоқы шаңғы базасы бойынша сараптама жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Баян өңірінде жазғы демалыс маусымы маусым айының ортасында ашылады. Биылғы жылдың негізгі жаңалығы «Визит орталықтың» ашылуы. Бұл құрылымның жұмысы өңірдің туристік орындары, тарихи ескерткіштер, мәдени ошақтар туралы ақпарат беру мен ішкі туризмді насихаттауға бағытталады.