Желіде Қостанай облысы Рудный қаласында тұрғын үйдің подъезінде ары-бері жүгіріп жүрген түлкінің видеосы тараған болатын. Жабайы жануар автовокзал маңындағы көпқабатты үйлердің біріне кіріп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі жергілікті "Наша газетаға" сілтеме жасап.
Күтпеген жағдай тек түлкіні ғана емес, сол маңдағы адамдарды да шошытқан.
Қала әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, сағат 14:30-дан бастап "жедел желіге" тұрғындардан бірнеше қоңырау түскен. Солардың бірі – егде жастағы әйел – жануардың аяқ астынан тура алдынан шыға келгенін айтып, алғашында оны мысық не ит деп ойлағанын, тек кейін оның жабайы аң екенін түсінгенін жеткізген.
Алғашқы хабар түскеннен кейін учаскелік полиция инспекторы мен әкімдіктің тиісті қызметтері дереу құлақтандырылды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен арнайы мамандар жедел жетті, – деп мәлімдеді Рудный әкімдігі.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін подъезд бен жертөле қоршауға алынды. Бұл шаралар жабайы жануардың жақын маңдағы нысандарға – супермаркет пен балабақшаға шығып кетпеуі үшін, сондай-ақ түрлі қауіпті ауруларды, оның ішінде құтыруды жұқтыру қаупін ескере отырып қабылданды.
Мамандар келгенге дейін түлкіні жертөледе қамап ұстаған. Жануарды ұстау ОСВВ бағдарламасы (аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу) аясында жүзеге асырылған. Бұл жұмыстармен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан арнайы қызмет айналысқан.
Түлкіні табиғи мекеніне қайта жіберу үшін оны ұйықтататын дәрі арқылы қозғалыссыз қалдыруға тырысқан. Алайда мамандардың қорытындысы бойынша, жануардың жасы үлкен әрі қатты әлсіреп қалғандықтан, препарат күткендей нәтиже бермеген.
Кейінгі әрекеттер қолданыстағы биологиялық және ветеринарлық нормаларға толық сәйкес жүргізілді, - делінген хабарламада.
Қартайып, әбден әлсіреген түлкі дәрінің әсеріне шыдамай, өліп қалған, ал оның өлексесі санитарлық талаптарға сай жойылған.
Барлық қызметтер дер кезінде әрі үйлесімді жұмыс істеді. Жағдай толық бақылауда болды, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ, – деп түсіндірді Рудный әкімдігі өкілдері.
Еске салайық, Қостанай облысында тұрғын үй подъезіне түлкі кіріп кетіп, адамдарды шошытқаны туралы жаздық.