Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тұрғындар жарықтың жиі сөнетініне наразылық білдірді

8 Тамыз 2025, 16:23
455
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Атырау қаласы Сарыөзек ықшам ауданының тұрғындары жарықсыз отырудан әбден мезі болған. Электр энергиясы күн сайын сөніп, қысы-жазы қиындық көреміз дейді олар. Сол себепті жиналып, шу шығарды. Жауаптылар проблеманы біріне бірі сілтемей, жұмысқа кіріссін деп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сарыөзек ықшам ауданы қала іргесінде орналасқан. Онда қоныстанғандар көп болса да жергілікті биліктегілер жылдар бойы халыққа жағдай жасай алмай келеді. Тұрғындар тұрмыстық техниканың күйіп, азық-түліктің бұзылғанынан әбден шығынға батыпты. 

Тоғымыздың қуаты жетпегендіктен, несиеге алып жатқан тұрмыстық техникамыздың бәрі өртеніп жатыр. Әр үйде бар ондай проблема. Бәрінің техникасы күйіп жатыр. Оған кім жауап береді? Ешкім жауап бермейді. Жарық бір күн бар, бір күн жоқ. Тамағымыздың бәрі іріп-шіріп жатыр. Отыру мүмкін емес бұлай. Бұл көп жылдан бері осылай келе жатқан мәселе. Атырау жарықтан адам шақырсақ өздерің жалғап алыңдар дейді. Үйдің ер азаматтары шығып, амал жоқ бірдеңе істейді. Бірақ енді олар тоқтың маманы болмағасын дұрыс жасай алмайды ғой. Ертең тоқ соғып, бір жағдай болса бізді кім асырайды. Осы проблемамызға жауаптылар мән бергенін қалаймыз. Бір күн жарықты төлемей қалсақ ондай кезде бірден өшіріп кетеді. Бірақ төлеп отырған ақшамызға сай қызмет алмаймыз біз, - дейді қала тұрғыны Анаргүл Мақсотова.

Қарашаның мәселені айтып, тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Жауаптылар проблемаға бас қатырғысы келмейді деп өкпелі. Жарықтан бөлек ықшам ауданда жол мен өзге әлеуметтік нысандардың жоқтығы өзекті екен. 

Былтыр мамыр айында тоқ желісі жүргізілді. Бағаналар тұр, ал жарық күнара өшеді. Сымдары салбырап тұр. Міне бүгін де жарық жоқ. Атырау жарыққа барсақ, біздің теңгерімде жоқ деп жайбарақат отыр. Әкімдік те қимылдамайды. Күнде ертең дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Жұмыс жоқ. Сонда біз кімге керекпіз? Қайда барамыз? Мектебіміз бар. Бірақ соған баратын жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Асфальт төседі, сонда жаяу жүргіншілер жолын қалай салмай тастап кетеді? Біздің ықшам ауданда не садик жоқ, не поликлиника жоқ. Ем алу үшін мына қала шетінен сонау жаққа сабыламыз. Жолдың түрі анау, - дейді тұрғындардың бірі Балзиба Сәрсенова. 

Шенділер жарықтың жиі сөнетінінен хабардар. Бірақ қазір жұмыстың жүріп жатқанын айтады. Бірнеше жыл бұрын арнайы жоба жасалған, соған сәйкес электр желілері тартылып жатыр. Оған қазынадан 766 млн теңгеден астам ақша бөлініпті. 

Қазіргі уақытта Сарыөзек ықшам ауданындағы электр желілерінің қалыпты жағдайға келтіру мақсатында жоба жасақталып, тексеріс жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстарды “Айком ЛТД” ЖШС атқарып жатыр. Жоба 2024 жылы түзетуден шыққан. Бірақ қазіргі уақытта жұмыстың 80 пайызы бітіп тұр. Қалған 20 пайыз жұмысты толық аяқтауды жылдың соңына дейін жоспарлап отырмыз. Оның ішінде желілерді, бағаналарды ауыстыру сияқты жұмыс бар. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған ықшам аудандағы жарық мәселесі шешіледі деп жоспарланып отыр, - дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Қалалық әкімдіктегілер тұрғындар сұраған әлеуметтік нысандар құрылысы әзірге жоспарда жоқ екенін айтты. Әзірге шаhар іргесіндегі жұрттың балабақша мен емхана сынды мекемелерге қашан жаритыны белгісіз. 

Сарыөзек ықшам ауданында балабақша салу қажеттілігі жоқ әзірге. Себебі мектеп жасына дейінгі бала саны аз. Қазіргі уақытта балалар мектеп жанынан ашылған даярлық сыныптарына орналастырылған. Сол сыныптар арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Тұрғындарға жер беріліп, халық саны көбейсе Білім бөлімі тарапынан, Қалалық әкімдік тарапынан балабақша салу мәселесі қарастырылатын болады. Әзірге тек сол даярлық сыныбымен ғана шектеледі, - дейді Ғ.Төлеген. 

Жалпы қала бойынша электр желілерінің 25 пайызы тозып тұр. Оларды жаңартуға әкімдік 5,5 млрд теңге бөліпті. Қазір жұмыс жүргізілуде. Ал облыс бойынша бар желінің 70 пайызы әбден ескірген. Шалғай ауылдарда сол себепті де жағдай мәз емес. Аудандардағы халықты да жарықтың жайы титықтатқан. Дегенмен шенділер бәрі бақылауда, жұмыс жүргізіліп жатыр деген сөзден танбайды.
 

Өзгелердің жаңалығы