Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметтің онлайн отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша қосымша шараларды ұсынды.
2021 жылғы 26 қаңтар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын.
Тапсырманы орындау аясында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген параметрлер бойынша салынып жатқан тұрғын үй көлемінің 50%-ын беру беру шартымен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер салу үшін құрылыс салушының өз қаражаты есебінен жер учаскелерін алу құқығын беру ұсынылады, - деді министр.
Сондай-ақ, бұл нысандар құрылыс салушының өз учаскелерінде салынған жағдайда балама жер учаскелерін беру немесе құрылыс салушының шығындарын өтеу ұсынылып отыр. Бұл ретте тұрғын үй салу үшін жер учаскелері жер учаскесін немесе оны жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты ұйымдастыруды және өткізу қағидаларына сәйкес берілетін болады.
Министрлік тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша қосымша шараларды ұсынды.
Жалға берілетін тұрғын үй пулын қалыптастыру және жылжымайтын мүліктің жеке әлеуметтік қорларын құруды ынталандыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар нарықтық қорландыруды тарту және қарыз бойынша шығыстарды субсидиялау. Жеке құрылыс салушыларды жобалық қаржыландыру тетігін енгізу. Үлестік құрылыс бойынша құрылыс компанияларының рейтингін енгізу, – деп атап өтті Атамқұлов.
Сондай-ақ, құрылыс салушыларының жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды.
Министрдің айтуынша, барлық шара қабылданған жағдайда еліміздің барлық өңірінде қосымша 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 28 мың пәтер салынатын болады. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемі 300 млрд теңгені құрайды. Бұл 55 мың жұмыс орнын құруға, 40 млрд теңгеге салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Министр тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін іске асыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін жеткізді.