ТҮҚЖБ бір ай ішінде 3 800 әскери қызметкердің тұрғын үй мәселесін шешті

29 Мамыр 2019, 14:12
2771
Бөлісу:
ТҮҚЖБ бір ай ішінде 3 800 әскери қызметкердің тұрғын үй мәселесін шешті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) биыл әскери қызметкерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасын сәтті түрде жүзеге асырды. 

Жаңартылған шарттар бойынша, бұл бағдарлама 2 мамырда басталып, 27 мамырда мерзімінен бұрын аяқталды. 19 жұмыс күні ішінде 10,7 млрд теңге сомасына 680 заем берілді. Сондай-ақ, 46,7 млрд теңге сомасына тағы 3 143 несиелік өтінім қабылданды. Аталған өтінімдер қарастырылғаннан кейін, олар бойынша несие беріле бастайды.

Осылайша, әскери қызметкерлерді несиелендіруге бөлінген қаражаттың жылдық лимиті толықтай игерілді. «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырудың үшінші кезеңі 2020 жылдың қаңтар айында басталады.

Естеріңізге сала кетсек, аталған бағдарлама аясында заемды 15% бастапқы жарнамен және жылдық 8% мөлшерлемемен алуға болады.

Заемды алу үшін, әскери қызметкерлердің 2018 жылдағы секілді конкурсқа қатысып, оның нәтижесін күтулері қажет емес. Олар тек өздігінен керек пәтерді тауып, банкке хабарласуына болады. Сондай-ақ, тұрғын үйді таңдауға еш шектеу қойылмайды. Дайын пәтерді жаңа салынған үйден не қайталама нарықтан таңдап алуға, сондай-ақ үлестік құрылысқа қатысуға немесе жеке тұрғын үйді жер телімімен қоса сатып алуға болады.

«Әскери өнім» – банктің жеке бастамасы. Бұл бағдарламаны әскери қызметкерлердің өте тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында дайындап, іске қостық. Арнайы осы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өткен жылы 98 млрд теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд теңгесі – банктің өз қаражаты, ал 50 млрд теңгесі – қарызға алынған ақша. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біз 2 556 әскери қызметкерге 38,5 млрд теңге сомасына заем беріп, олардың өз баспаналарына қол жеткізуіне қол ұшын бердік. Биыл әскери қызметкерлерді несиелендіру үшін 60 млрд теңге қалды. Бұл сома шамамен тағы 4 000 әскеридің тұрғын үй жағдайын жақсартуға жетеді. Шамамен 70 000 әскери қызметкердің баспанаға мұқтаж екендігін ескере отырып, екі жылға толмайтын уақыт ішінде банк олардың 10%-на тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті», - деп атап өтті ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Осы жылы 28 мамырдағы мәліметтер бойынша ең көп заем Нұр-Сұлтан қаласы (294 заем), ШҚО (99 заем) және Семей қаласында (77 заем) берілді.

«Әскери баспана» бағдарламасы жүзеге асырылған соңғы күні Семей қаласында тұратын Гүлнәз Сақпанбаеваға несие берілді. Шекара әскерлері аға сержанты өзінің 3 бөлмелі пәтерін қайталама нарықта 13 млн теңгеге сатып алды. Заем сомасы 13 жылды құрайды. Несиені өтеуге көмек көрсету үшін мемлекет Гүлнәзға тұрғын үй төлемдерін төлейтін болады.

«Өткен жылы қызмет мерзіміне байланысты тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмадық. Биыл «әскери өнім» шарттары жаңартылды. Сол себепті отбасымызбен оның басталуын асыға күттік. Біз алдын ала ыңғайлы пәтерді іздестіріп, жұмыс орнынан қажетті құжаттарды жинастыра бастадық. Оларды өз мерзімінде өткізіп, оң шешім шығуын күттік. Ал енді міне жұбайым және 2 баламызбен бірге өзіміздің кең баспанамызға көшуге дайындалып жатырмыз», - деді Гүлнәз Сақпанбаева.

ТҮҚЖБ мәліметі бойынша, «Әскери өнім» тұрғын үй шарттарын жақсартуға бағытталған банктің көптеген құралдарының бірі ғана. Әскерилер, сондай-ақ, өз пәтерлерін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алуларына болады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін банктегі шотта 20% көлемінде бастапқы жарнаның болуы тиіс. Сол жағдайда несиені жылдық 5% мөлшерлемемен алуға болады. Тұрғын үйлер мен өтініш қабылдау мерзімі жайлы ақпарат baspana.kz жарияланған.

Аталған кезеңде әскери қызметкерлердің үштен бірі алдағы уақытта тұрғын үй заемын алу үшін ТҮҚЖБ-дағы шотында өз тұрғын үй төлемдерін жинақтауды қолға алған. Бұл заем түрі жылдық 3,5-нан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен беріледі. Оны алу үшін, депозитте үй бағасының 50%-ын жинау қажет.

Өзгелердің жаңалығы