Атырауда көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде тұрғындарды үрейге салған ер адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тұрғын үй кіреберісінде ер адамның қолына ара ұстап жүргені, балаларды қорқытып, өзін әдепсіз әрі күмәнді ұстағаны туралы ақпарат тараған болатын. Тұрғындар жағдайға алаңдап, полиция шақырған.
Полицияның мәліметінше, шақырту 15 ақпан күні сағат 23:40 шамасында түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жеткен. Нәтижесінде 1991 жылы туған ер адам анықталды.
Медициналық қорытындыға сәйкес, ол есірткілік масаң күйде болған. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы – есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және дәрігердің тағайындауынсыз күшті әсер ететін заттарды қолдану дерегімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта іс материалдары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.