Тұмау эпидемиясы. ДСМ оқушылар қандай жағдайда онлайн оқытуға көшетінін айтты

3 Қараша 2022, 17:39
923
Бөлісу:
Тұмау эпидемиясы. ДСМ оқушылар қандай жағдайда онлайн оқытуға көшетінін айтты

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Барлық білім беру ұйымында онлайн форматта оқыту мүмкіндігі қарастырылғандықтан, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарына сәйкес, бір сыныпта  20-дан 30 пайызға дейін балаларға ЖРВИ жұқтырған жағдайда бір инкубациялық кезеңде кабинетте оқыту жүйесінен қашықтан оқытуға кеңес беріледі. Сондай-ақ сыныпқа жаңадан бала қабылданбайды. Ал ауру 30 пайыздан асқан жағдайда оқыту онлайн-форматқа ауыстырылады, - деп атап өтті ДСМ өкілі.

 Сонымен қатар ол аурудың бастапқы белгілерін атады. 

Тұмау кенеттен басталып, температура күрт жоғарылайды. Дененің айқын интоксикациясы байқалады, қалтырау, адинамия, бұлшықеттің және бастың ауыруы, дененің сырқырауы, кеуде тұсы ауырып, құрғақ жөтел сияқты белгілері болады. Кез келген басқа вирустық инфекция (ЖРВИ, аденовирустық инфекция және басқалар) кезінде әдетте катаральдық белгілер басым болады. Яғни мұрыннан су ағып, тамақ ауырады, содан кейін осы катаральдық белгілермен бірге температура пайда болады, - деді Роза Қожапова. 

Ведомство өкілі аурудың алдын алу үшін сақтық шараларын ұсынды. 

Адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық бөлмелерге баруды шектеу. Бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып,  дезинфекциялық режимді күшейту. Қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану. Науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау. Ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу керек. Медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек, - деді Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы.

Өзгелердің жаңалығы