Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тұман, найзағай: елдің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

2 Тамыз 2025, 23:56
879
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Ертең, 3 тамыз күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. "Қазгидромет" таратқан мәліметке сәйкес, найзағай ойнап, бұршақ жаууы, тұман түсіп, қатты ыстық пен екпінді жел болуы ықтимал. Сонымен қатар, көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Синоптиктер Астанада түнде тұман түсіп, найзағай ойнайтынын, Алматыда 18–23 м/с жылдамдықпен жел соғып, найзағай болатынын ескертті. Шымкент пен еліміздің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болып отыр. Еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысындағы өңірлерде де найзағайлы жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Жел екпіні секундына 28 метрге дейін күшейеді.

Батыс пен орталық аймақтарда ауа температурасы 38–40 градусқа дейін көтеріліп, шаңды дауыл соғады. Мұндай аптап ыстық пен қатты жел Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды және Қызылорда өңірлеріне тән болмақ. Ал солтүстік пен солтүстік-шығыс өңірлерде найзағайлы жауын, тұман және қатты жел күтіледі.

Түркістан мен Атырау облыстарында да күн қатты ысиды, жел жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Жалпы алғанда, еліміздің барлық аймағында ауа райының құбылуына байланысты сақтық шараларын күшейту ұсынылады.

Мамандар тұрғындарды синоптиктердің болжамдарын назарда ұстап, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы