Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Туған жерге туын тіккен еңбек адамы

27 Қараша 2025, 23:56
505
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

BAQ.KZ тілшісі туған жерге туын тігіп, тірлігін тіктеген қарапайым еңбек адамымен жүздесті. Кәсіптің көзін тауып, жетістікке жете бастағаннан-ақ ауылын көркейтуді мақсат тұтқан азаматтың өмір салты көз қуантарлық, кісі қызығарлық.

Қазақ халқы ежелден еңбекті қадірлеген. "Еңбексіз ел көгермес, жер көгермес" деген қанатты сөздің мәні бүгінгі күнге дейін маңызын жойған емес. Уақыт озған сайын қоғамның қажеттілігі өзгеріп жатса да, еңбектің бағасы ешқашан төмендеген емес. Өйткені кез келген дамудың бастауы – маңдай термен келген адал жұмыс. Елдің ертеңі де сол еңбекті бағалап, туған жерін түлетуге күш жұмсап жүрген қарапайым азаматтардың қолында екені даусыз. Сол себепті де биылғы жылдың елімізде "Жұмысшы мамандықтар жылы" болып жариялануы – қоғам үшін ерекше мәні бар бастама. Бұл – жастарға еңбек қадірін ұғындырудың, кәсіп пен кәсіби шеберліктің маңызын арттырудың, табанды еңбектің ел дамуына қосар үлесін көрсетудің нақты қадамы. Әлеуметтік-экономикалық өрлеу тек ғылым немесе технология арқылы ғана емес, ең алдымен ауыл-аймақтан басталатын қарапайым шаруаның тиянақтылығы мен еңбекке деген құрметтен бастау алатыны анық.

Осы орайда Жамбыл ауданының Ащыбұлақ ауылында өсіп, туған мекеніне қызмет етуді мақсат еткен жас кәсіпкер Тұрсынбек Ерболат Ержанұлының өмір жолы – осы бастаманың жарқын көрінісі. Ерболаттың балалық шағы ауыл табиғатымен етене байланысты өтті. Көл жағасында асыр салып ойнап, ауылдың қарапайым тіршілігіне куә болып өскен оның жүрегінде туған жерге деген шынайы сезім бала күннен қалыптасты. Әр баланың арман құрып, болашағын елестететін кезеңі болады. Бірі қала салуды арман етсе, бірі ғарышты бағындыруды көздейді. Ал Ерболаттың арманы өзгеше еді – "Ауылымды көркейтсем, осы өлкенің адамдарына қуаныш сыйласам" деген ізгі ой оның жүрегіне ерте ұялады. Бұл арманды ол уақыт өте нақты мақсатқа айналдыра білді. "Армансыз адам алысқа бармайды" деген даналықты жадында сақтаған ол жастайынан еңбекке бейім болып, өзінің өмір жолын туған өлкемен тығыз байланысты етуге бекінді. Осылайша, жылдар бойы көкейінде жүрген арманын жүзеге асырып, ауыл төрінен "Сеңгірбай" ресурстық демалыс орталығын ашты.

Туған жерге туын тіккен еңбек адамы

Әрбір үлкен істің жолында міндетті түрде сынақ тұратыны белгілі. Ерболат үшін де кәсіпкерлікке қадам басқан алғашқы кезең оңай болған жоқ. Қаржылық қиындықтар, қажетті жабдықтардың жетіспеуі, инфрақұрылым мәселелері – мұның бәрі жас кәсіпкердің төзімін сынап, шешім қабылдау қабілетін шыңдады. Ерболат осы кезеңді былай деп еске алады.

Мен кәсіпті бастағанда қолымда ештеңе болған жоқ. Кейде «болмайды», «сенен шықпас» деп күмәнданғандар да болды. Бірақ менің ішкі сенімім бәрінен басым түсті. Өйткені бала күнімнен бейнелеп, елестетіп келген арманымды аяқсыз қалдыру – өз өзіме жасалған қиянат болар еді. Егер адам жүрегінде сенімін өшірмей, адал еңбектенсе, оның әрекеті ешқашан зая кетпейді. Қиындық – уақытша, ал жетістік – ұзақ жылдар бойы із қалдыратын құндылық. Мен үшін бастаған істі аяқтау – тек мақсат емес, өмірлік қағида. Қандай жағдай, қандай кедергі болса да, бастаған жолды соңына дейін жеткізу – адамға жігер, тәжірибе және жаңа белес береді. Осы орталықты ашқанда мен тек бір кәсіп көзін құрғым келген жоқ. Бұл жер – халқымыздың салт-дәстүрін ұлықтайтын, ұлттық рухты жаңғыртатын, жастарды еңбекке, қайсарлыққа, денсаулыққа жетелейтін нағыз мәдени орда болсын дедім. Біздің қонақтар тек табиғаттың сұлулығын көріп қана қоймай, қазақы болмыстың жылуын, ұлттық құндылықтың нәрін бойына сіңіріп кетсе екен деймін. Әр келген адам мұнда тынығып қана қоймай, жаңа ой, жаңа күш, жаңа шабыт алып шықса – біздің еңбегіміздің жемісі сол. Болашақта бұл орталық жастардың бас қосатын, шығармашылық пен спорт өрлейтін, ұлттық құндылық пен заманауи мәдениетті сабақтастыратын үлкен бір рухани мекенге айналады деп сенемін. Қазақтың қонақжайлығын, кеңпейілділігін, табиғатпен үйлесімін осындай шағын істерден бастап-ақ әлемге көрсете аламыз. Арманға адалдық пен еңбек – кез келген табыстың кілті. Менің жолым соның дәлелі, – дейді ол.

Жас кәсіпкердің бұл сөздері – оның көзқарасы мен мақсатынан хабар береді. Өмірлік ұстанымы айқын, мақсаты берік адамның ғана үлкен істі бастай алатыны анық.

Бүгінде "Сеңгірбай" демалыс орталығы – ауылдың көркін кіргізіп тұрған ерекше орын. Мұнда келушілер қазақтың ұлттық ойындарымен танысып, садақ атып, атқа мініп, алтыбақан тебеді. Көл жағасында су велосипедімен серуендеп, табиғат аясында демалуға мүмкіндік бар. Қазақы үлгіде тігілген киіз үйлер қонақжайлылықтың белгісіндей келушілерді қарсы алады. Балалар үшін арнайы спорт алаңы жасақталып, олардың қауіпсіз әрі қызықты уақыт өткізулеріне жағдай жасалған. Әсіресе жаз мезгілінде орталық ауылға жан бітіреді. Келушілер саны көбейіп, жергілікті тұрғындардың да тұрмысына серпін береді. Демалыс орны тек көңіл көтеру алаңы ғана емес, ауыл экономикасына үлес қосатын маңызды нысанға айналды.

Туған жерге туын тіккен еңбек адамы

Алдағы уақытта жас кәсіпкер орталықты кеңейтіп, көлдің бетінде катамаран қайықтарын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоспарлар оның алға ұмтылған жігерінің, ауылға деген шынайы жанашырлығының белгісі. Ерболат Ержанұлы өзінің өмір тәжірибесінен түйген ойларын жастарға жиі айтып отырады. Оның өмірлік қағидасы – табандылық, адалдық және еңбекқорлық.

Әр істің өз қиындығы бар. Бірақ оған мойымаңыздар. Алғашқы қадамнан қорықпаңыздар. Еңбектен қашпаңыздар. Адал еңбек ешқашан далада қалмайды. Бірден жеңіл жол іздеу – дұрыс емес. Шыдамдылық – табыстың кілті. Маңдай термен келген жетістік қана шынайы қуаныш сыйлайды. Ауылдан шыққан әр жас еліне қызмет етуді армандаса, туған жеріміздің еңсесі көтеріледі, – дейді ол.

Бұл сөздер – жай кеңес емес, өмірдің өзінен алынған тәжірибе. Сондықтан да ол жастардың жүрегіне оңай жетеді, сенім ұялатады.

Халқымыздың "Еңбек еткеннің еңсесі биік", "Жігерлі адамды жол да, жоба да табады" деген нақылдары бекер айтылмаған. Ерболаттың өмір жолы – осы сөздердің нақты дәлелі. Ол үлкен қаланы таңдамаған, сырттан бақыт іздемеген. Керісінше, туған ауылында жүріп-ақ елге қызмет етуге, ауылдың дамуына үлес қосуға болатынын дәлелдеп берді. Жастар арасында «Ауылда мүмкіндік аз» деген жиі айтылатын пікір бар. Бірақ Ерболаттың өмір жолы осы пікірдің жалған екенін көрсетеді. Мүмкіндік – адамның өзінде. Арман, мақсат, еңбектенуге деген ұмтылыс болса, ауылда да үлкен жобалар жүзеге асып, елге қажетті игілікті істер атқаруға әбден болады.

Қорытындылай келгенде, биылғы "Жұмысшы мамандықтар жылы" қоғамға еңбек құндылығын қайта ұғындырып, жастарды кәсіпке, табанды болуға шақыратын маңызды кезең болды. Ал Ащыбұлақ ауылындағы жас кәсіпкер Тұрсынбек Ерболат Ержанұлы – осы бастаманың шынайы кейіпкері. Оның еңбегі, табандылығы, туған жерге деген адалдығы – бүгінгі жас буынға үлгі, ауылдың дамуына жаңа серпін беретін биік қадам.

Бүгінгі өзгерістерге толы заманда елдің дамуы мен қоғамның тыныс-тіршілігі ең алдымен еңбек адамынан басталады. Өндіріс орындарында, құрылыс алаңдарында, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында – қай салада болсын қарапайым жұмысшының еңбегі көзге көрінбей қалуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде мемлекет экономикасының іргесін берік ұстап тұрған да – осы маңдай терін адалдықпен төгіп жүрген еңбеккерлер. Мен өз жұмысымды күнделікті жауапкершілікпен атқара жүріп, қоғамның әрбір мүшесі өзінің еңбегі арқылы үлкен бір ортақ іске үлес қосатынын терең түсіндім. Еңбектің ешқашан зая кетпейтінін, оның артында біреудің игілігі, біреудің тыныштығы, біреудің өмір сапасы тұрғанын сезіну – шын мәнінде үлкен мотивация. Ауылдағы диқаннан бастап, қаладағы металл балқытушыға дейін әрқайсымыздың еңбегіміз елдің тұрақты дамуы үшін қажет екенін білу бізге күш береді. Соңғы жылдары еңбек адамдарын қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығымды білдіремін. Жалақының кезең-кезеңімен өсірілуі, еңбек қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың күшеюі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалардың көбеюі – бәрі де біз үшін маңызды. Бұл өзгерістер біздің еңбегімізге деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен әлі де қолға алуды қажет ететін мәселелер бар. Әсіресе ауыр жұмыс істейтін салаларда еңбек қауіпсіздігін күшейту, мамандарды дайындау жүйесін жақсарту, жастарды кәсіби-техникалық білімге қызықтыру – уақыт талабы. Жұмысшы мамандығы – қоғамға қажет әрі құрметті мамандық екенін мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру керек деп ойлаймын. Менің тілегім – еліміздегі әрбір еңбек адамы өз еңбегінің қадірін сезініп, болашағына сеніммен қараса. Біз бірімізге-біріміз құрметпен қарап, ортақ іске адалдықпен атсалыссақ, ел экономикасы да, қоғам әл-ауқаты да нығая береді. Еңбек – адамды өсіретін күш. Оған құрмет көрсету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз – дейді кейіпкер.

Осындай еңбекқор жандар көбейсе, елдің де еңсесі биік, ертеңі жарқын болары сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы