Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке ұлттық бірегейлікті дамыту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресінің нәтижесінде келген Тәуелсіздікті сақтап тұру үшін бізге бірлік, тұтастық, ынтымақ қажет екенін атап өтті.
Алайда соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келеді. Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды “бренд” немесе “маркетингтік өнім” ретінде сатылымға шығарып жатыр, - деді депутат.
Саировтың айтуынша, әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті. Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жеткен.
Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді, - деп санайды Ерлан Саиров.
Саиров творчестволық бостандық қажет, бірақ ол мына алай-дүлей заманда, ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс екенін ескертті.
Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін – қауіпті құбылыс. Ғалам мәңгі болса, сонша мәңгі болатын Қазақстанды құрамыз десек, ұлт ішінде артықшылығымызды кемшілік деп көрсететін, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салынуы керек, - дейді ол.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бірнеше шара қабылдауды ұсынды:
1. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды міндетті түрде іске асыру қажет.
2. “Ұлттық код” және “мәдени ерекшелік” ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
3. Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның халқының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық “Біз қазақпыз” деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуге тиіспіз.