Цой Еуропалық өңірлік комитеті сессиясының төрағасы болып сайланды

14 Қыркүйек 2020, 16:14
1417
Бөлісу:
Цой Еуропалық өңірлік комитеті сессиясының төрағасы болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алексей Цой ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 70-сессиясының төрағасы болып сайланды. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы алғаш рет ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының сессиясына төрағалық етуде. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз сөзінде әлемдік денсаулық сақтау үшін өте маңызды шараға төрағалық ету ол үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін жеткізді.

Халықаралық қоғамдастық пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен біз өзге елдермен ынтымақтаса отырып COVID-19 қарсы күресті жалғастырамыз. Қазір Қазақстандағы жағдай тұрақталды, ал коронавирус инфекциясы қайта өршитін болса, арнайы жоспар әзірледік. Мәселен, пациенттерді төсек-орын, қажетті дәрілік препарат және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету. Отандық дәрігерлер халыққа көмек көрсетуге дайын, - деді Цой.

Еуропа аймағындағы ДДСҰ-ға мүше 53 мемлекеттің Денсаулық сақтау министрі мен өзге де жоғары лауазымды азаматтар, сондай-ақ, серіктес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері екі күн бойы денсаулық сақтау саласындағы түрлі мәселені талқылайды. Қысқартылған сессияның күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі: аймақтағы және әлемдегі COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл мен тәжірибе, 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды жақсартуға бағытталған жаңа еуропалық бағдарлама.

Сессия отырыстары ағылшын және орыс тілдерінде көрсетіледі. Сонымен қатар, халықаралық жиын ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының арналары арқылы жарияланады (#RC70Europe).

ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының сессиясы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 13:00-де тікелей эфирде басталады, мына сілтеме арқылы көруге болады.

Өзгелердің жаңалығы