Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Цифрлық теңге: қаржылық еркіндік пе, әлде толық бақылау ма?

4 Қазан 2025, 10:25
414
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Қазақстанда цифрлық теңге жобасы іске асып келе жатыр. Ұлттық банк 2021 жылдан бері пилоттық кезеңін жүргізіп, 2025 жылға қарай толық қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – ұлттық валютаның жаңа формасы ғана емес, елдің қаржылық экожүйесін түбегейлі өзгертетін қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Төлем жүйесіне ықпалы

Цифрлық теңге делдалсыз, тікелей төлем жасауға мүмкіндік беріп, аударымдардың жылдамдығы мен тиімділігін арттыруы мүмкін. Онлайн және офлайн режимде жұмыс істейтін бұл жүйе әсіресе шалғай өңірлерде тұратын халыққа қаржылық қызметтерді қолжетімді етпек. Сонымен қатар мемлекеттік төлемдер мен әлеуметтік көмекті мақсатты түрде, нақты алушыға жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Банктерге әсері

Коммерциялық банктер үшін цифрлық теңге бір жағынан жаңа қызметтер ұсынудың мүмкіндігі болса, екінші жағынан депозиттік базаның қысқаруына тәуекел бар. Осыған байланысты банктер цифрлық әмияндар, смарт шарттар, аналитикалық сервистер сияқты жаңа өнімдер жасап, нарықтағы орнын сақтауға ұмтылады. Екі деңгейлі модель банктердің рөлін қорғауға бағытталғанымен, қаржы секторына жаңа бәсеке туғызады.

Цифрлық теңге технологиялық тұрғыдан блокчейн мүмкіндіктерін толық ашып, инновациялық қаржы сервистерін дамытуға жол ашады. Ол төлемдердің тиімділігін арттырып қана қоймай, дәстүрлі қаржы жүйесі мен цифрлық активтер арасындағы "көпірге" айналады. Қазір цифрлық теңге экожүйесі іске қосылды, ал жақын уақытта қазақстандықтар оның негізіндегі алғашқы өнімдерді пайдалана алатын болады, – деді Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жалелов.

 

Халықтың қаржы әдеттерін өзгерту

Қолма-қол ақшаның маңызы азайып, цифрлық транзакциялар басым бола бастайды. Бұл қаржылық ашықтықты арттырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуға сеп болуы мүмкін. Сонымен қатар цифрлық теңгені қолдану халықтан жаңа цифрлық сауаттылықты талап етеді.

 

Артықшылықтары мен тәуекелдері

Артықшылықтары – төлем жылдамдығы, қаржылық инклюзия, мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы, технологиялық серпіліс. Тәуекелдері – банктердің ресурс базасы қысқаруы, киберқауіпсіздік, азаматтардың құпиялылыққа қатысты күмәні.

Қолма-қол ақша сияқты, цифрлық теңге де Ұлттық банктің эмиссиясымен шығарылады және оның міндеттемесі болып табылады. Сонымен бірге цифрлық теңге платформасының архитектурасы қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде құрылған. Яғни жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекет бұрынғыдай тек қаржы нарығының қатысушылары арқылы жүзеге асырылады, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Ұлттық банктің мәліметінше, цифрлық теңге енді тек сынақ жобасы емес — ол біртіндеп нақты бюджеттік саясаттың тиімді құралына айналып келеді. Жаңа жүйе бірнеше маңызды міндетті шешуге бағытталған:

 – қаражаттың мақсатсыз жұмсалу тәуекелін азайтады;
– қаржы айналымының ашықтығын арттырады;
– сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін факторларды төмендетеді;
– әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді қысқартады.

Цифрлық теңге – Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымын жаңғыртудағы стратегиялық қадам. Егер жүйе қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың сенімін арттыра алса, ол төлем нарығын түбегейлі өзгертіп, қаржы дәуірінің жаңа кезеңін бастайды.

Өзгелердің жаңалығы