Қазіргі таңда достармен бірге ас ішкенде есепті бөлісу, біреуге кофе алып беру немесе билет ақысын жылдам аудару – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Цифрлық төлемдер бұл процесті жеңілдеткенімен, қарым-қатынасқа қатысты жаңа сұрақтар мен сезімдерді де алға шығарып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Japan today басылымына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, ақша – тек экономикалық құрал емес, ол эмоциямен тығыз байланысты. Психологияда «төлем кезіндегі ауырсыну» ұғымы бар: тіпті аз сома төлегеннің өзі адамға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан ақша сұрау немесе есепті бөлісу кейде достыққа сызат түсіреді.
Ақша – әлі де табу тақырып
Ақша жайлы әңгіме көп жағдайда саясат немесе дін секілді ыңғайсыз тақырып ретінде қабылданады. Жаңа төлем қосымшалары ақшаны бір сәтте аударуға мүмкіндік бергенімен, бұл әрдайым қарым-қатынасқа қолайлы бола бермейді. Бір адам үшін жылдам ақша сұрау қалыпты болса, екіншісі үшін ол суық әрі ыңғайсыз көрінуі мүмкін.
Мұндай жағдайда әлеуметтік динамика өзгереді: адам өзін жомарт немесе қамқор жан ретінде көрсеткісі келсе, тіпті кофе ақысын сұраудың өзі қолайсыз сезіледі. Ал ұсақ қарыздар кейде елеусіз көрінгенімен, есте қалып, ішкі ренішке себеп болуы мүмкін.
Жақындық пен әділдік арасындағы тепе-теңдік
Жақын адамдар үшін ортақ ас немесе кофе ақысын төлеу көбіне қуаныш сыйлайды. Зерттеулерге сәйкес, басқа адамдармен бірге әсерге ақша жұмсау бақыт деңгейін арттырады. Алайда қарым-қатынас жақын болмаса, есепті бөлмеу түсініспеушілікке әкелуі мүмкін.
Өзара төлем кейде «әлеуметтік қарыз» ретінде қабылданып, жайсыздық тудырады. Бірі әділдік күтсе, екіншісі өзін пайдаланып кеткендей сезінуі мүмкін.
Қаржылық қиындықты жасыру – кең тараған құбылыс
Сауалнамаларға сүйенсек, адамдардың үштен бірі қаржылық жағдайын жақсырақ етіп көрсету үшін шындықты жасырады. Сол себепті кейбірі қымбат іс-шараларға қатысудан бас тартады, алайда оның нақты себебін ашып айтпайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін.
Қалай дұрыс әрекет еткен жөн?
Сарапшылар ақша мәселесін алдын ала, қысқа әрі ашық түрде айтуға кеңес береді. Мысалы: «Есепті тең бөлсек қалай қарайсыз?» деген сұрақ кейінгі ыңғайсыздықтың алдын алады. Бұл төлем жасалғаннан кейін сұрағаннан әлдеқайда жеңіл қабылданады.
Ең бастысы, мұндай қаржылық алмасуды қарыз ретінде емес, қарым-қатынасқа салынған инвестиция деп қабылдау ұсынылады. Сонда ақша төңірегіндегі жағдайлар достыққа зиян тигізбей, керісінше өзара түсіністікті нығайта алады.