Алматы, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, республикамыздың әр аймағында тазалық шараларын өткізді.
Республикалық чэлленджге министрлікке қарасты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Зерде» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, министр Асқар Жұмағалиевте акцияны қолдап, тазалық жұмыстарының басынан табыла білді.
Жалпы республикалық деңгейде өтіп жатқан акция қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиал директоры Данияр Қырықбаевтың айтуынша, маңызды экологиялық шараны мемлекеттік корпорацияның барлық аймақтағы филиалдары мен ҚР ЦДИАӨ министрлігіне қарасты мекемелер қолдады.
«Біз әріптестерімізбен Абылай хан Құрманғазы көшелеріндегі аллеядағы 5 гектар аумақты тазарттық. Қызметкерлеріміз туған жерді көркейтуге өзіндік үлес қосып жатыр. Ғасырлар бойы ыдырамайтын пластик сияқты қоқысты жинау – өте маңызды. Өңір тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдауға ғана емес, айналаны таза ұстап қалдықтарды тастамауға шақырамын», - деп қосып өтті директор.
Айта кетейік, Абылай хан мен Құрманғазы көшелеріндегі аллеяны жинауға 840 қызметкер жұмылдырылған. Олар бірлесіп, 5 гектар жерді тазартып, артынан арнайы шараға қатысты.