Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Цифрлық даму министрлігі Астана аспанындағы белгісіз нысандарға қатысты түсініктеме берді

5 Маусым 2025, 23:57
663
Бөлісу:
 primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Бүгін, 5 маусым күні түнде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерінің тұрғындары түнгі аспанда ерекше жарқыраған нысандарды байқады. Бұл құбылыс әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрліктің хабарлауынша, бұл – орбитадан шыққан ғарыш объектілерінің атмосфераға енуі салдарынан болған табиғи құбылыс. Халықаралық ғарыш қоқысын бақылау ұйымдарының мәліметтеріне сүйенсек, сол уақыт аралығында үш түрлі объектінің атмосфераға енуі тіркелген:

  • Қытайлық Zhuque-2e (ZQ-2e) зымыранының үдеткіш блогы – 5 маусым күні сағат 22:40 шамасында Қазақстан аумағы үстімен өткен. Бұл зымыран экологиялық таза отынмен (сұйық метан мен оттегі) жұмыс істейді, ал жану кезінде айтарлықтай жарық эффектісі байқалады. Министрлік бұл нысан уақыт пен көрініс жағынан тұрғындар байқаған құбылыспен дәл сәйкес келетінін атап өтті.
  • Starlink-1631 (SpaceX) спутнигі – 6 маусым күні таңғы 3:41-де орбитадан жоспарлы түрде шығарылды. Бұл – SpaceX-тің ескі спутниктерінің бірі.
  • Жапондық H-2A зымыранының үдеткіш блогы – пассивті түсу режимінде болған, атмосфераға кіру уақыты нақтыланбаған.

Министрлік қазіргі уақытта Қазақстан аумағына қандай да бір фрагменттің құлағаны немесе зиян келгені туралы нақты деректер тіркелмегенін мәлімдеді.

Әдетте, мұндай объектілер атмосфераның тығыз қабатында жанып кетеді, ал жерге дейін жетуі екіталай. Құбылыстың өзі әсерлі болғанымен, қауіпсіз, – деп атап өтті ведомство.

ЦДИАӨМ азаматтарды сабыр сақтап, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы