Ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде пайдалану қажеттілікке, көптен бері үйреншікті жағдайға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ primeminister.kz сілтеме жасап.
Онлайн сатып алулар, рейстер мен қонақүйлерді брондау, қолма-қол ақшасыз кез келген төлем жасау, бұл мүмкіндіктерсіз бұрын біз қалай жүрдік, тіпті адам нанғысыздай көрінеді. Бүгінде мұндай қызметтің түр-түрін бірнеше секунд ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін тек смартфон мен қажетті мобильді қосымшалардың болуы жеткілікті. Сонымен қатар тек онлайн режимінде тиісті сұрау салу арқылы: көлікті қайта ресімдеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, ЖШС ашу және тіпті отбасын құру сынды көптеген тұрмыстық және жұмысқа қатысты мәселелерді өзіңнің қатысуыңсыз да шешуге болады.
Қажеттіліктерді осылай шешу ыңғайлы әрі жылдам, ең бастысы қауіпсіз. Сол себепті де соңғы жылдары цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлінуде.
Қазіргі уақытта Үкімет әрбір қазақстандықтың өмірін туғаннан бастап жақсартуға және жеңілдетуге арналған 62 жаңа «цифрлық» бастаманы іске асыруда. Сонымен қатар, олар біз кездесетін көптеген жағдайлардың басым бөлігіне қатысты.
Мұндай шешімдер туралы Primeminister.kz сайтында жарияланған шолу материалынан нақтырақ білуге болады.
Онлайн отбасы
Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, Digital Justice жобалар портфелі аясында бірнеше ыңғайлы қызметтерді іске қосты.
Осындай қызметтердің бірі – мобильді қосымша арқылы некеге тұруға өтініш беру. Егер сіз отбасын құруды жоспарласаңыз, енді АХАЖ бөліміне барудың, құжаттарды жинаудың, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ол үшін банктік қосымшаға кіріп, Мемлекеттік қызметтер бөліміне өтіп, тиісті өтінімді жіберу жеткілікті. Әзірге мұны қаржы институты жасап отыр, болашақта мұндай мүмкіндіктер банктік басқа қосымшаларда қарастырылмақ.
Қазақстан азаматтарына осы цифрлық қызмет ұнап отыр. Биылғы ақпан айының алғашқы күндерінен бастап 600-ден астам жұп жаңа сервистің көмегімен некені тіркеуге өтініш рәсімдеді. Олардың үштен бірінен астамы АХАЖ органдарымен расталған. Бұрын мұндай қызмет «Электрондық үкіметтің» сайтында ғана қолжетімді болатын.
Цифрлық бизнес
Сондай-ақ жыл басынан бері egov.kz міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге қолжетімді болды. Рәсімдеу үшін порталға кіріп, тиісті өтінімді толтыру жеткілікті.
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға қолжетімді тағы бір цифрлық қызмет іске қосылды. Ол ЖШС-ны тез әрі қиындықсыз тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұл үшін сізге тек смартфон және аз ғана уақыт қажет. Нақтылай айтқанда, біз банктік мобильді қосымшамен биометриканы қолдану арқылы кіріп, «ЖШС тіркеу» қызметін таңдаймыз. Барлық қажетті жолдарды толтырғаннан кейін өтінімге қол қоямыз және кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабарламаны дереу аламыз. Қалғанын жүйе өз бетінше атқарады, яғни хабарлама автоматты түрде мемлекеттік кірістер мен статистика органдарына жіберіледі және параллельді түрде жаңа ЖШС үшін банкте есепшот ашылады.
«Цифрлық» кейінге қалдыру қызметі
1 наурызда ақпараттық жүйелерде бар азаматтардың цифрлық деректері негізінде онлайн режимде әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату бойынша қызмет іске қосылады.
Аталған қызмет азаматтарды талап етілетін құжаттарды жинаудан және әскери комиссариатқа бару қажеттілігінен босатады.
Сонымен қатар жақын арада әскери есепке міндетті тіркеуді және шығаруды тоқтату туралы шешім қабылданады. Енді тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндетті немесе мерзімді әскери қызметшіні тіркеу және есептен шығару жергілікті әскери басқару органдарына бармай-ақ автоматты түрде жүзеге асырылады.
Желіден тыс кибершабуылшылар
Цифрландыру – бұл жайлылық пен кең мүмкіндіктер беретін заманауи әлемнің игілігі болса да, мұнда да алаяқтармен бетпе-бет келу мүмкін екенін қаперде ұстаған жөн. Ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу киберқылмыс санының көбеюіне әкелді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері құқық қорғау органдары осындай 1,5 мың құқық бұзушылықты тіркеген.
Алаяқтардың құрығына қалай түспеуге болады?
Қалай болса да, күмәнді сілтемелерге жоламаңыз және сізбен байланысқан адам өзін құқық қорғау органының қызметкері немесе банк қызметкері ретінде таныстырса да, жеке деректеріңізді ешкіммен бөліспеңіз. Сонымен қатар, Қазақстанда тіркелмеген немесе ауыстырылған абоненттік нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйе қазірдің өзінде қолданыла бастады. Бұл Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.
«Антифрод» абоненттік қоңыраулар туралы ақпаратты өңдеу арқылы алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайды. Арнайы бірыңғай жүйенің көмегімен байланыс операторы нөмірдің белсенділігі туралы деректерді сұрайды және оларды автоматты режимде талдайды. Егер жүйе қоңыраудың шынайы екенін және нөмірдің жалған емес екенін растаса, қауіпсіз байланыс орнатылады.
Байланыс операторларының мәліметінше, 2022 жылы жүйені біріктіргеннен кейін 19 млн-нан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталды, ал биылғы екі айда осындай 8 миллион қоңырауға тосқауыл қойылды. Бүгінде ұялы байланыс операторлары мұндай жағдайларды толығымен жою үшін алгоритмдерді жетілдіруде.
Цифрландыру туралы әңгіме алыс болашақ туралы қиял емес. Цифрлық Қазақстан қазірдің өзінде өмірлік шындыққа айналды. Қысқа уақыт ішінде біздің еліміз ТМД және Орталық Азия елдері арасында кейбір позициялар бойынша алға шықты. Бұл әлі шегі емес.
Цифрлық шешімдердің пайдасын еліміздің көптеген азаматы бірден сезінеді. Сонымен қатар, жұмыс мұнымен аяқталмайды, алда біздің уақытымыз бен ақшамызды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа пайдалы қызметтер мен шешімдер күтіп тұр.