Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Трибуна жартылай бос болады": қазақстандықтар "Қайрат" пен "Пафос" матчының билет бағасына наразы

Нұрқанат Атажан
15 Қазан 2025, 16:35
936
Бөлісу:
 архив/ Артём Чурсинов
Фото: архив/ Артём Чурсинов

Қазақстандықтар желіде алдағы "Қайрат Алматы" мен "Пафос" арасындағы матчтың билет бағасын талқылап жатыр. Көпшілік жанкүйерлердің пікірінше, баға шамадан тыс жоғары, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін қазақстандық клуб хабарлағандай, билеттердің бағасы 30 мың теңгеден басталады.

Билеттердің бағасы УЕФА-мен келісілген және жалпы кезеңдегі барлық үй матчтары үшін бірыңғай – 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін. Баға саясаты турнирдің талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын өткізудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді, – делінген клубтың ресми сайтындағы хабарламада.

Орталық стадион шамамен 23 мың жанкүйерді сыйдыра алады. 

"Трибуна жартылай бос болады": қазақстандықтар "Қайрат" пен "Пафос" матчының билет бағасына наразы

Желі қолданушылары стадион көрерменсіз қалуы мүмкін екенін айтуда.

"Қайрат-Пафос" ойынына билет алмақ болдым: кіріп, бағасын көріп, қайта шықтым. Маған Шанхайда Роджер Федерердің матчы арзанға түскен, тіпті Ролан Гарросқа VIP орын да арзан болған. Мен спортты жақсы көремін және оған ақша төлеуге дайынмын, бірақ кім оған лайық, ал кім лайық емес – жақсы білемін. Ұйымдастырушылар стадионды бос қалдыруды жөн көрген сияқты, өкінішті әрине, – деп жазды Nargisnadal атты қазақстандық жанкүйер.

Көпшілік бұл жағдайды "Реалға" қарсы матчтағы билет бағаларымен салыстырып жатыр.

Goal_kz дерегінше, "Реалға" қарсы матчқа билеттер небәрі 30 минутта сатылып кеткен болса, "Пафосқа" қарсы ойынға адамдар көп ақша төлеуге асығар емес.

Сатылым басталғаннан кейін 2 сағат ішінде бар болғаны 5% билет сатылды. Жақсы орындарға билет 150 мың теңгеден басталады, ал қақпа артындағы 30 мың теңгелік орындарға да көп адам барғысы келмейді. Көптеген жанкүйерлер матчқа бармай, бойкот жариялауға шақырып жатыр – бәлкім, клуб басшылығы сонда ғана бағаны түсірер, – делінген басылым материалында.

Қазақстандық журналист Аслан Каженов та билеттердің тек ең арзан санаты сатылғанын атап өтті.

Билеттер сатылмай жатыр, сатып алушылар белсенділігі өте төмен. Кейбір секторларда мүлде орын бос. Тек 30 мың теңгелік билеттер ғана сатылған. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, алматылық клуб жартылай бос стадионда ойнайын деп тұр, – деді ол.

Айта кетейік, 21 қазанда сағат 21:45-те Орталық стадионда Чемпиондар лигасы аясындағы матч өтеді, онда алматылық "Қайрат" кипрлік "Пафосты" қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы