Транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайту мәселесі талқыланды

9 Желтоқсан 2020, 18:08
1341
Бөлісу:
Транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайту мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейнеконференция режимінде сауда және өзара байланыс мәселелері бойынша Орталық Азия, Қытай және Ауғанстан мемлекеттері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының отырысы өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Отырысқа қатысушылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасты. Негізгі назар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды және транзит-көліктік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге аударылды.

Тараптар өңірішілік сауданы кеңейтудің, өңірлік жеткізілімдер тізбегінің тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің, сондай-ақ елдер экономикаларын қалпына келтіру жөніндегі бірлескен шаралардың маңыздылығын атап өтті. Қолданыстағы көлік дәліздерін пайдалана отырып, транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайтуға мүдделілік айтылды, - делінген ақпаратта.

Сыртқы саяси ведомстволар басшыларының орынбасарлары коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрестегі өзара іс-қимылды жоғары бағалады және COVID-19 алдын алу және емдеу бойынша бірлескен шараларды күшейтуге мүдделілік білдірді.

Ауғанстандағы бейбіт процесті ілгерілету және жағдайды саяси реттеу, сондай-ақ онымен сауда-экономикалық, көлік және инфрақұрылымдық байланыстарды нығайту мәселелерінде өзара тиімді ынтымақтастыққа әзірлік білдірілді.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, адам саудасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, өңірлік қауіпсіздікке, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберіндегі басқа да сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы күрестегі ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Өзгелердің жаңалығы