Трансшекаралық ынтымақтастықтың келешегі өңіраралық форумда талқыланды

29 Қараша 2022, 16:45
959
Бөлісу:
Трансшекаралық ынтымақтастықтың келешегі өңіраралық  форумда талқыланды

XVIII-ші Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумында екі елдің шекаралық облыстары арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті нығайтудың перспективасы пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумға Ресей Федерациясы мен Қазақстан Үкіметтерінің мүшелері, атап айтқанда салалық министрліктердің өкілдері және Астрахан, Челябі, Самара, Орынбор облыстары, сондай-ақ еліміздің Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері жиналды. Қорытынды пленарлық отырыста форум қатысушыларына бейнебайланыс арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресейдің президенті Владимир Путин үндеу жасады.

Аталған жиында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Алексей Оверчук пен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин екіжақты кездесу өткізіп, оның барысында автомобиль және теміржол көлігі, өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер қарастырылды.  

Сонымен қатар форумда төрт панельдік сессия ұйымдастырылып, онда қатысушылар екі елдің көлік-логистикалық әлеуеті, трансшекаралық ынтымақтастықтың болашағы, қазіргі жағдайда кооперациялық жобаларды басқарудың мәселелері, экономикалық дәліздер парадигмасында еуразиялық көлік-логистикалық құрылымды қалыптастырудағы өңірлердің рөлі, сондай-ақ транскаспий бағытындағы мультимодальды байланысты дамыту мен «Сібір/Орал – Қазақстан-Азия» көлік бағдарының келешегі жөнінде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.

Бұл орайда өтпелі логистикалық қызмет бойынша үлкен мәңге ие халықаралық көлік дәлізінің маршруттарына ерекше назар аударылғанын айта кету керек.

Қолға алынатын жұмыстың негізгі қатарына – өткізу пункттерді дамыту бойынша үздіксіз екіжақты іс-әрекетті жолға қою, олардың және көлік инфрақұрылымының шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу кіреді. Демек аталған пункттерді дамытуды үлесімді түрде жүргізу маңызды міндет саналады. Бұл жағдайда «Еуразиялық бестіктің» аясындағы ынтымақтастықтың рөлі зор, - деді статс-хатшы, Ресей Федерациясы Көлік вице-министрі Дмитрий Зверев.

Айталық, биыл Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Ресейдің арасындағы контейнерлік тасымалдың төрт есеге ұлғайғаны байқалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай айтты.

Еліміз көлік қатынасының әртараптандырылған жүйесіне ие. Атап айтқанда, қазір 5 халықаралық теміржол көлік дәлізі және 8 транзиттік автокөлік дәлізі жұмыс істеп тұр. Биыл Қазақстан арқылы ҚХР мен РФ арасында контейнерлік жүк тасымалы төрт есеге өскен,- деді Н.Қилыбай.

Тұтастай алғанда, Орынбор облысының географиялық орналасуы оның көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы артықшылығын көрсетеді. 2030 жылға дейін белгіленген жоспарда Орынбор агломерациясында көліктік және қосымша қызметтердің толық спектрі қамтылған жүктер мен контейнерлерді өңдеп, қоймалау, кедендік тазарту бойынша көліктік-логистикалық терминалды құру көзделіпті.

Енді Қазақстан мен Ресейдің арасындағы келесі өңіраралық ынтымақтастық форум 2023 жылы Қостанайда өтеді деп жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы