Қазақстанда 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында 5 трансшекаралық хабты қалыптастыру жұмыстары іске асырылып жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша басқарушы компаниялар анықталған. Инфрақұрылымдар құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Біз инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың белсенді кезеңіне аяқ басқалы отырмыз. Бұл кезеңде жобаларды нақты іске қосуға, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және бизнесті кооперацияның жаңа форматтарына тартуға баса назар аударылатын болады. Бұл хабтарды іске қосу шекара маңындағы мемлекеттермен сауда процестерін едәуір жеделдетуге, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына 2025 жылы 31 наурызда «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мәртебесі берілгенін алға тартты.
Құрылыс екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде 100 гектар аумақ функционалды аймақтарға бөлінді. Сегіз өндірістік ғимарат салынды. Ішкі жолдарды абаттандыру, сыртқы инженерлік желілерді тарту, кіреберіс жолдарын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңнің барлық жұмысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Екінші кезеңе поли-винил-хлорид (ПВХ) өнімдерін, тамшылатып суару жүйелерін өндіру, мақта, күріш, дәнді-дақылдар мен майлы дақылдарды қайта өңдеу бағыттары бойынша жеті инвестициялық жоба айқындалды, - деді Арман Шаққалиев.