Қазақстан мұнайын Транскаспий бағыты арқылы тасымалдау көлемін арттыру Каспий құбыр консорциумына (КТК) балама бола алмайды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, компания Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алайда әзірге бұл бағыттың мүмкіндігі КТК арқылы жеткізілетін мұнай көлемімен салыстыруға келмейді.
«Бұл бағытты кеңейту КТК-ға балама емес. Тасымал көлемдерінің өзі де салыстыруға келмейді. Сондықтан КТК біз үшін негізгі экспорттық бағыт болып қала береді. Көптеген БАҚ бұл жағдайды дұрыс түсіндірмей жүр», – деп атап өтті Хасенов.
ҚМГ басшысы Транскаспий бағытына тек ұлттық компания ғана емес, мұнай өндіретін өзге де кәсіпорындар қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сонымен қатар мұнай тасымалын одан әрі ұлғайту экономикалық шарттарға, соның ішінде тасымалдау тарифтеріне байланысты.
«Біздің міндетіміз – тасымал көлемін арттыру. Біз бұл бағытта тұрақты жұмыс істеп келеміз. Статистиканы өздеріңіз білесіздер, бұл бағыттағы тасымал көлемі жыл сайын артып келеді. Қызығушылық жоғары», – деді ол.
Хасеновтің мәліметінше, 2026 жылы осы бағыт арқылы 1,7 млн тонна мұнай тасымалдау жоспарланып отыр.
Ал 2027 жылы компания тасымал көлемін одан әрі арттыруды көздейді. Дегенмен нақты көрсеткіштер әзірге талқыланып жатыр.
«Келесі жылы көлемді арттырғымыз келеді. Қазір қанша көлемде тасымалдайтынымыз жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деп қосты ҚМГ басқарма төрағасы.
Еске салайық, Транскаспий бағыты Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жеткізіп, одан әрі Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбырымен тасымалдауды көздейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша осы бағыт арқылы шамамен 1,3 млн тонна мұнай тасымалданған.