АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту туралы New START (СНВ-3) шартының мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қаруды бақылау жөнінде жаңа келісім әзірлеуді ұсынды. Ол бұл келісімді АҚШ үшін «жаман мәміле» деп атады. Бұл туралы BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Трамп Truth Social желісінде New START-ты ұзартудың орнына «жақсартылған және жаңартылған» жаңа келісім дайындау қажет екенін жазды. Оның айтуынша, бұл құжат ұзақ мерзімге арналған және әлемдегі ядролық қақтығыстардың алдын алуға бағытталуы тиіс.
АҚШ президенті бұған дейін Қытайдың да ядролық арсеналдарды шектеу жөніндегі жаңа келісімге қатысуы қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген.
New START келісімі 2026 жылғы 5 ақпанда ресми түрде аяқталды. Бұл құжат АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық арсеналдарды шектейтін соңғы келісім болды. Келісім күшін жойғаннан кейін тараптар арасында стратегиялық ядролық қаруды заңды түрде шектейтін механизмдер қалмады.
Сарапшылардың бағалауынша, АҚШ пен Ресей әлемдегі ядролық қару қорының шамамен 86 пайызына ие.