АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроны әлсірету мақсатында наркокартельдерге қарсы әскери операция жүргізу мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Anadolu агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2 қыркүйекте Венесуэладан шыққан делінген есірткі тиелген кемеге жасалған шабуыл осы жоспардың бір бөлігі болуы әбден мүмкін. Ақпарат көздері мұны Мадуроға қысым жасаудың және оны биліктен кетіруге итермелеудің бастамасы деп бағалайды.
АҚШ әскері Кариб аймағына орналастырылды. "Томагавк" зымырандарымен жабдықталған әскери кемелер, сүңгуір қайық, ұшақтар және 4 мыңнан астам теңіз жаяу әскері Венесуэла маңында екені анықталды. Сонымен бірге 10 F-35 жойғышы Пуэрто-Рикоға жіберілген.
Вашингтон Мадуроның есірткі тасымалымен байланысты "Картель де лос Солес" ұйымын басқарғанын мәлімдейді. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі бұл картельді "халықаралық террористік ұйым" деп таныған. Сонымен қатар Мадуроны тұтқындау үшін берілетін сыйақы 50 млн долларға дейін көтерілген.
Мадуро өз кезегінде Венесуэланың "теңізін, әуе кеңістігін және жерін қорғауға әзір" екенін мәлімдеп, АҚШ-тың ықтимал араласуына қарсылық білдірді.