АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты 2015 жылы енгізілген және кейін күшейтілген санкцияларды бір жылға ұзартты. Бұл туралы федералды үкіметтің ресми құжаттар жинағында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Санкциялар 2015 жылы АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама Боливар Республикасындағы адам құқықтарының бұзылуына байланысты енгізген еді. Кейінгі жылдары олар бірнеше рет кеңейтіліп, күшейтілген.
Хабарламада Венесуэладағы жағдайдың «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына ерекше қауіп төндіруде» екені атап көрсетілген. Сондықтан Трамп 13 692 атқарушы жарлықпен жарияланған төтенше жағдай режимін ұзартуға шешім қабылдаған. Санкциялар ресми түрде бүгін, 20 ақпанда жарияланады.
Сонымен қатар, соңғы аптада АҚШ Венесуэланың мұнай-газ саласындағы кейбір операцияларды санкциялардан алып тастады.