Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп Венесуэла оппозициясының лидері сыйлаған Нобель медалін қабылдады

Бүгiн, 08:32
156
Бөлісу:
 REUTERS/Elizabeth Frantz
Фото: REUTERS/Elizabeth Frantz

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадодан Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін қабылдады. Бұл кездесу Ақ үйде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Мачадо медальді Трамптың венесуэлалықтардың бостандығы жолындағы ұстанымына құрмет белгісі ретінде табыстағанын айтты. Ақ үй өкілі президенттің медальді өзінде қалдыратынын растады. Алайда Норвегия Нобель институты сыйлықтың өзі Мачадоға тиесілі екенін және оны беру немесе бөлісу мүмкін еместігін атап өтті.

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында бұл сыйлықты «өзара құрметтің тамаша белгісі» деп бағалады. Бұған дейін ол Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға қызығушылық танытып жүргенін бірнеше рет мәлімдеген.

Сарапшылардың пікірінше, Мачадо бұл қадам арқылы Венесуэланың саяси болашағына қатысты АҚШ президентінің шешімдеріне ықпал етуді көздеуі мүмкін. Қазіргі уақытта Трамп әкімшілігінің басты басымдығы – Венесуэла мұнайына қол жеткізу және ел экономикасын қалпына келтіру.

Бұған дейін Нобель комитеті сыйлықты өзге біреуге беру ұйымның ережелеріне қайшы екенін мәлімдеген еді.

Өзгелердің жаңалығы