АҚШ президенті Дональд Трамп сегіз әскери қақтығысты тоқтатқаны үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға әбден лайық екенін айтты. Бұл туралы ол Ақ үйде ірі мұнай өндіруші компаниялардың басшыларымен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Мен мақтанғым келмейді, бірақ менен басқа ешкім соғысты тоқтатпады. Барак Обама Нобель сыйлығын алды, ал өзі оның не үшін берілгенін де білмеді. Ал мен сегіз ірі соғысты аяқтадым, - деді Трамп.
Оның айтуынша, әрбір тоқтатылған соғыс Нобель сыйлығына тең.
Демек, сіз тоқтатқан әрбір соғыс үшін Нобель алу керексіз. Бұл – ауқымды, үлкен қақтығыстар болды, - деп атап өтті АҚШ президенті.
Трамп бұған дейін де өзін Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық деп бірнеше рет мәлімдеген. АҚШ-тың жаңартылған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында оның қатысуымен бірқатар аймақтық қақтығыстардың тоқтатылғаны немесе бәсеңдегені көрсетілген. Атап айтқанда, құжатта Камбоджа мен Тайланд, Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда, Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Иран, Египет пен Эфиопия, сондай-ақ Әзірбайжан мен Армения арасындағы шиеленістер туралы айтылады. Сонымен қатар Газа секторындағы әскери қимылдардың аяқталғаны және Косово төңірегіндегі жағдайдың тұрақтанғаны атап өтілген.
Айта кетейік, 2025 жылғы 10 қазанда Нобель комитеті Бейбітшілік сыйлығы Венесуэла парламентінің бұрынғы оппозициялық депутаты Мария Корина Мачадоға берілгенін хабарлаған болатын.