АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен ынтымақтасатын мемлекеттерге санкциялар енгізуді көздейтін заң жобасын қолдайтынын айтты. Бұл туралы ол Палм-Бичтен Вашингтонға ұшар алдында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, бастама аясында санкциялар тізіміне Иран да кіруі мүмкін.
Мен бұл туралы естідім, және бұл маған ұнайды. Республикашылар Ресеймен бизнес жасайтын кез келген елге қатаң санкциялар енгізуді ұсынуда, оған Иран да кіреді, - деді АҚШ президенті.
Оның сөзінше, Иранды аталған заң жобасына қосу туралы ұсыныс тікелей өзі тарапынан берілген.
Заң жобасы биыл сәуір айының басында сенаторлар Линдси Грэм және Ричард Блументаль бастаған екі партиялық топ тарапынан ұсынылған. Құжат Ресейдің негізгі сауда серіктестеріне қатысты қайталама санкциялар енгізуді қарастырады.
Ұсынысқа сәйкес, Ресейден мұнай, газ, уран және бірқатар басқа тауарларды сатып алатын елдер үшін АҚШқа импорттық баж салығы 500% деңгейінде белгіленуі мүмкін.
Сенатор Рэнд Пол бұл бастамаға қарсы пікір білдіріп, Responsible Statecraft сайтында жарияланған мақаласында заң жобасы қабылданған жағдайда «ең үлкен зиянды АҚШ өзі шегеді», деп жазды. Оның айтуынша, мұндай шаралар елдің экономикалық және стратегиялық мүдделеріне айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.