Соңғы кездері АҚШ пен Венесуэла арасындағы қарым-қатынас күрделеніп жатыр. АҚШ “нашақорлықпен күрес” аясында деген желеумен Кариб теңізіне бірнеше соғыс кемелерін жіберді. Ал Венесуэла президенті Николас Мадуро “егер АҚШ шабуыл жасаса, біз қарулы күрес жариялаймыз” деп мәлімдеді. Екі ел арасындағы шиеленістің себебі неде, АҚШ Венесуэлаға соғыс ашуы мүмкін бе, Қытай мен Ресей Мадуроға күш беріп отыр ма, әскери соққы мұнай бағасына қалай әсер етеді? Саясаттанушы Руслан Мақсаттан сұрадық.
Шиеленіс себебі неде?
Саясаттанушы АҚШ пен Венесуэла арасындағы қазіргі шиеленіс соңғы 25 жылда қалыптасқан АҚШ пен Венесуэла қарым-қатынастарындағы жалпы тенденцияның жалғасы ғана деп есептейді. Оның ойынша, жаңа ештеңе пайда болған жоқ.
Руслан Мақсат бүгінде АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты ұстанымы төмендегідей деп түсіндірді:
- Венесуэла АҚШ-қа бағытталған есірткі тасымалын тоқтатпай отыр;
- АҚШ-тағы заңсыз миграцияның ірі көзіне айналған;
- аймақта антиамерикалық саясат жүргізеді.
Ал Венесуэланың позициясы – өзінің аймақтағы көшбасшылығын нығайтып, ұлттық мүдделерін қорғау және АҚШ-қа өз аймағында қарсы тұру.
Тағы бір маңызды фактор – Венесуэланың әлемдегі ең ірі мұнай қорының болуы. Екі елдің мүдделері тоғысып, келісімге келу мүмкіндігі бар жерде шиеленісті реттеу оңай. Ал сенім жоғалса, әсіресе мұнай нарығы сияқты ортақ мүдде бар салаларда, жағдай әлдеқайда күрделене түсуі мүмкін, - деді маман.
“Кеме жіберу – қысым көрсету құралы”
Саясаттанушы Руслан Мақсаттың ойынша, Кариб теңізіне АҚШ әскери кемелерінің жіберілуі – толыққанды әскери операцияға дайындық емес, қысым көрсету құралы.
Егер АҚШ Венесуэла басшылығына ауыр соққы беруді шынайы көздеген болса, мұндай ірі теңіз күштерін орналастырудың қажеті болмас еді, арнайы операциялар күштері жеткілікті. Бұл әрекеттер көбірек сауда-саттық келіссөздеріндегі қысымды еске салады. Дональд Трамптың “қатал мәмілелер” стилін ескерсек, Венесуэла жағалауындағы тұрақты әскери қатысу – оның ультиматумдық дипломатиясының бір бөлігі, - деді ол.
Мадуроға күш беріп отырған кім?
Руслан Мақсаттан АҚШ пен Венесуэла арасындағы қазіргі шиеленістегі Ресей мен Қытайдың ықпалы қандай екенін де сұрадық.
Бұл өңірде Ресей мен Қытайдың ықпалы ерекше рөлге ие. ХХІ ғасырға дейін Латын Америкасы АҚШ-тың Монро доктринасына сәйкес “артқы ауласы” саналды және басқа державалар мұнда өз ықпалын арттыруға тырыспады. Мәскеу немесе Бейжіңмен байланыс орнату әрекеттері өткен ғасырда Пентагон тарапынан қатаң түрде тоқтатылатын7 Никарагуа, Панама мысалдары бар. Тек Куба айрықша жағдай болды, - деді ол.
ХХІ ғасырда қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлем жағдайында Монро доктринасы ескірді. Бүгінде аймақтағы көптеген елдердің Қытаймен сауда айналымы АҚШ-пен сауда көлемінен асып түсті, ал ресейлік қару-жарақ импорты жылдан жылға өсіп келеді.
Ресей мен Қытайдың Венесуэла режиміне көрсетіп отырған жанама қолдауы Мадуро билігіне Вашингтонмен қатаң диалог жүргізуге мүмкіндік береді, тіпті мобилизация жариялауға дейін баруға күш береді. Сыртқы қолдау болмаса, Венесуэланың АҚШ-қа қарсы тұру мүмкіндігі тым әлсіз болар еді, - деді саясаттанушы.
АҚШ Венесуэлаға соғыс ашуы мүмкін бе?
Саясаттанушы Руслан Мақсат болашақта кішігірім арандатулар болуы мүмкін, бірақ ірі әскери-теңіз немесе жерүсті операциясының басталуы екіталай деп санайды.
Қазіргі АҚШ әкімшілігі жағдайында алғашқы шектеулі соққы беру сценарийін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ соққылар жасалған күннің өзінде олардың ауқымы шектеулі болатынына сенімім бар. Мұны Иранға қатысты жыл басындағы мысалдан көруге болады. АҚШ бірнеше нысанаға бағытталған ракеталық және әуеден соққылар беріп, оны “жеңіс” деп жариялады, - деді ол.
Маман XXI ғасырдағы АҚШ әскери стратегиясы ұзақ жерүсті соғыстарға, әсіресе партизандық қозғалысы бар аймақтарға дайын емес екенін көрсетіп отырғанын айтты.
Сондықтан Вашингтон Венесуэлада ұзаққа созылған жерүсті соғысты қаламайды. Мен ракета-тактикалық соққылар мен жекелеген әуе шабуылдарын жоққа шығармаймын, бірақ Венесуэла аумағына толыққанды жерүсті басып кіру болмайды деп санаймын, - деді Руслан Мақсат.
“Әскери соққы мұнай бағасын өсіреді”
Саясаттанушы Венесуэлаға жасалған кез келген әскери соққы әлемдік мұнай бағасын сөзсіз өсіретінін атады. Сондай-ақ АҚШ әкімшілігінің ішкі нарықтағы жанармай бағасын төмендету жоспарын жоққа шығарады және мұнай импортына тәуелді одақтастарына да қиындық тудырады.
Мұнайдың күрт қымбаттауы Қытайға да тиімсіз. Ол – Венесуэланың ірі серіктестерінің бірі. Елдің орасан зор мұнай қорларын ескере отырып, АҚШ пен Қытай компанияларының бірлескен кен игеруі барлық тараптарға анағұрлым тиімді болар еді, - деді Руслан Мақсат.
Дегенмен саясаттанушы дипломатиялық мүмкіндіктер әлі толық сарқылмағанын жеткізді.
Қазіргі әскери қысым Венесуэла басшылығын АҚШ-пен келісім жасауға итермелеу құралы ретінде қолданылып отыр. Бірақ экономикалық мүдделер сақталғанша дипломатиялық шешімнің жолдары да сақталады, - деп қорытындылады маман.