АҚШ президенті Дональд Трамп 14 маусымда АҚШ армиясының 250 жылдығына және өзінің 79 жасқа толуына орай әскери парад өткізеді. Бұл туралы Ақ үй әкімшілігіне сілтеме жасай отырып Bloomberg мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.
АҚШ армиясының мәліметінше, іс-шарада «отшашу, парад және ауқымды фестиваль» қамтылады. Бұл мереке Вашингтондағы Ұлттық аллеяда ұйымдастырылады. Пентагонның хабарлауынша, парадқа шамамен 6600 әскери қызметкер, 150 әскери техника және 50 әуе кемесі қатысады.
Фестиваль барысында армияның қару-жарағы мен техникасы көрсетіліп, әскери шоу, музыкалық бағдарламалар және физикалық дайындық бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Бұл 250 жылдық мерекенің маңыздылығын ескере отырып, армия мерекені бұрынғыдан да ауқымды етіп өткізуді жоспарлап отыр, - делінген мәліметте.
Bloomberg басылымының жазуынша, Трамп алғаш президент болған кезінен бастап әскери парад өткізуді армандаған. Әсіресе ол Париждегі Бастилия күніндегі парадқа қатысқаннан кейін бұл идеяны жүзеге асыруға ұмтылған. Алайда Вашингтон билігі ауыр әскери техниканың қаланың жолдарын бүлдіруі мүмкін екенін айтып, ескерту жасаған. Сонымен қатар, бұл бастама ондаған миллион доллар шығын келтіретіндіктен де дау тудырған.
АҚШ астанасында соңғы ірі әскери парад 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыстың аяқталуына орай өткен.
Трамп алдағы уақытта шеру өтетінін 1 мамыр күні Ақ үйдегі дұға ету шарасында меңзеген.
Бізде Ту күніне орай ерекше іс-шара өтеді, әрі бұл күні менің туған күнім, – деді ол.